Біреулерді мұқату, мұқалту, ғайбаттау, күйе жағудың бәрі күншілдіктен туады

Атақты данышпан Руми: «Қалай болсаң, солай көрін немесе көрінгенің сияқты бол» деген екен.ғұламаның әрі қарапайым, әрі ғажайып қағидасын бертініректе ғана оқыдық.

Dec 4, 2024 - 16:46
 14

Жазушы, журналист, қоғам қайраткері Мархабат Байғұтұлының естеліктерінен...

  • Атақты данышпан Руми: «Қалай болсаң, солай көрін немесе көрінгенің сияқты бол» деген екен.ғұламаның әрі қарапайым, әрі ғажайып қағидасын бертініректе ғана оқыдық.

  • Ауылға шын сөз, шынайы ықылас керек. Айналайын, ауыл – азық-түліктік мақсатта ғана емес, күллі  келбет-көркімен, бүкіл болмыс-бітімімен, келешек-көкжиегімен, өре-өрісімен қазақы қалпымыздың қазық жұрты, ұлттық өзгешелігміздің алтын арқауы ретінде сақталуы ләзім.

  • Барлық рухани, ұлттық уыз, бүкіл құндылықтар, тіл байлығы, дәстүр құнарлары көркем әдебиетте.

  • Біреулерді мұқату, мұқалту, ғайбаттау, күйе жағудың бәрі күншілдіктен туады.

  • Дағдарыстың ең түпкі себебі – тойымсыздық, құнығушылық. Адамзатыңыз «адамзаттың Айтматовына» құлақ қойса ғой, қаржы дағдарысына ұшырамас еді. «Мені аса қатты азаптайтын бір нәрсе бар, ақша дегеннің араны ғарышты жұтардай жұтынып тұрғанда, адам болмысы әрқашан алдамшы, нәркүмән; себебі әлгіндей арнады ақшамен ешқандай алып айдаһарың да, идеологияң да теңесе алмақ емес» деген еді.

  • Дінге де ұлттың ұрпағы ұлттық уыз арқылы баруы керек. Баукең айтқан бесік жыры, ертегі, батырлар жыры, жыраулар поэзиясы, қазақ өлеңі, қазақ прозасы – көркем әдебиет арқылы. Дәстүр-салтыңыздың бар-баршасы көркем әдебиетте. Қазіргі барлық дерттер классикалық және заманауи зиятты-көркем кітаптарды оқымаудан, тоқымаудан туындауда. Көркем әдебиетті ананың ақ сүтінен жаралған алақанға салып оқымайынша, оңала алмайтынымыз анық.

  • Дүние - әлемді, Жар – Ананы ұстап тұрғандар – қарапайым, қатардағы, адал, ақжүрек, ақниет, абзал жандар.

  • Дәл қазір қоғамыңызда қараулық, адамыңызда қорқаулық қабынған, қарама-қайшылықтар асқынған, қайбір жақтары шарықтай шығандағанымен, кейбір жақтарын қарадүрсіндік қабыздап, ахлақ азғындаған, сана сансыраған мына заманда дін қайраткерлеріне де, қай-қай саланың зиялыларына да ең алдымен ағартушылық парыз басымырақ жүктеліп тұр.

  • Ең басты айтайын дегенім – оқырман мен кітаптың арасы, оқырман мен қаламгердің арасы жақындай түссе деген менде үміт, арман, сенім, өтініш бар. Қазақ жастары әдебиеттен, мәдениеттен көгереді. Кітапқа жақындаңыздар, жастар!

  • Жазушы-Жаратқанның жұмбағы, табиғаттың тылсымы. Адамдардың алуан түрлі екендігі сияқты, жазушы жарықтықтар һәм сан қилы сипатта жаратылар.

  • Журналистикада бағыну мен жағыну деген болмауы керек. Тілші халыққа қызмет етуі тиіс.