Эрнест Хемингуэй. Френсис Макомбердің баянсыз бақыты

Ол бұрындары еркектің ұлғая келе секемшіл болып кететініне көзі жеткен болатын...

Mar 20, 2025 - 17:43
Apr 18, 2025 - 17:57
 7
Эрнест Хемингуэй. Френсис Макомбердің баянсыз бақыты

Эрнест ХЕМИНГУЭЙ – америкалық жазушы, журналист. 1899 жылы 21 шілдеде Чикаго маңындағы Оук-Парк қалашығында туған. 1954 жылғы Әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты.
Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстарға қатысқар жазушы әдебиет тарихында «жоғалған ұрпақ» аталып кеткен ағымның басты өкілі десек болады.

Түстік әлеті. Олар ас-су шатырының жасыл түсті астарлы шалғайының астында түк болмағандай жайбарақат отырған.
– Сендер апельсин шырынын ішесіңдер ме, әлде лимонад па? – деп сұрады Макомбер.
– Маған коктейль, – деді Роберт Вилсон.
– Маған да коктейль, аздап ішемін, – деді Макомбердің әйелі.
– Шамалы тартып алу керек шығар, – деп қосыла кетті Макомбер, – үш үлес коктейль жасаңдаршы, – деді.
Бақыршы арақ дайындауға кірісті. Брезент мұздатқыш қаптан шөлмектерді алып шығып жатыр. Ескек жел өпкен, көлеңкелі шатырдағы қаптар самал желде шып-шып тершіп тұрған болатын.
– Мен мыналарға қанша беруім керек? – деп сұрады Макомбер.
– Бір фунт жетіп жатыр, – деді оған Вилсон, – оларды дәндетіп алма.
– Ақсақалдары бөліп беруші ме еді?
– Иә, солай.
Ширек сағаттың алдында бақыршы, күтуші, қасапшы және жүкшілер Френсис Макомберді қызу көтерісіп, қоналқа жердің жиегінен шатырына дейін әкеліп салған болатын. Көңілді толқытқан бұл тірлікке қару көтерушілер қатынасқан жоқ. Жергілікті жігіттер оны шатырының алдына келгенде ғана жерге түсірді. Макомбер олармен жеке-жеке қол алысып, олардың құттықтауларын қабыл алды да, онан соң шатырына кіріп, әйелі келгенше төсекте күтіп отырды. Әйелі келгенде де ол онымен тілдесе қойған жоқ. Шатырдан лып етіп шықты да, сыртта тұрған жолаушылық шылапшынға беті-қолын жуды. Онан соң ас-су шатырына барып, самал есіп тұрған саяға қойылған жайлы бір брезент орындыққа жайғасты.
– Арыстаныңды сұлаттық, – деді Роберт Вилсон оған, – қарғыс атқыр, керемет-ақ екен.
Макомбер ханым Вилсонға жалт қарады. Ол өзі көрік біткеннің сұлуы, тамаша күтінген әйел еді. Өзінің сұлу сымбаты және әлеуметтік жағдайы жағынан бес жыл бұрынғы фотосуреті арқылы мадақталғанының және өмірі тұтынып көрмеген безену бұйымын пайдаланғанының қайырымы ретінде бес мың америка долларын ұтып алып еді. Оның Френсис Макомберге күйеуге шыққанына да он бір жылдың жүзі болған.
– Айтары бар ма, керіскедей арыстан екен, солай ма? – деді Макомбер.
Әйелі осы кезде ғана оған көз жүгіртті. Ол алдында отырған мына екі еркекке бұрын-соңды көрмегендей-ақ тесіліп қарай қалды.
Мына Вилсонды, ақ нәсілді аңшыны бұрын ол шынында көрмеген еді. Бұл өзі орта бойлы, ақсары шашты, селеу мұртты, жүзі нарттай қызыл адам болатын. Зәрдей суық жасыл көздерінің жиегіндегі ұсақ әжімдері күлгенде жиырыла қалатын. Қазір ол Макомбердің әйеліне қарап күліп отыр. Әйел жанарын Вилсонның жүзінен тайдырып әкетіп, оның кең көкірекшесінің ішінде құдыстанып жатқан иықтарын, желеткенің сол жағында, төс қалтаның тұсында шығырыққа өткізіп қойған төрт үлкен оқты, қоңырқай кесек қолдарын, сабадай кең шалбарын, мейлінше ластанған етіктерін көзімен бір шолып шықты. Онан соң, жанарын оның жүзіне қадады. Ол Вилсонның күн қақты болған бетінің қызғылтым кенересіндегі кең жиекті телпегінен түскен ақ жолақты байқап қалды. Телпек бұл кезде шатырдың діңгегінің бір үйірінде ілулі тұрған болатын.
– Жарайды, осы арыстан үшін алып қояйық, – деді Роберт Вилсон.
Ол тағы да әйелге қарап жымиып еді, ол былқ еткен жоқ. Күйеуіне әуестене қарай қалды.
Френсис Макомбердің бойы еңгезердей биік болатын. Егер атан жілікті сүйектеріне көңіл аудармасаңыз, онда оны көрікті жігіт деуге болар еді. Өңі қараторы, қайықшылар сияқты қысқа ғана шаш қойған. Еріндері қаймыжықтай Макомберді жұрт сымбаттылар қатарына жатқызушы еді. Үстіне Вилсондікі сияқты аңшы киімін киген, бірақ мұнікі Вилсондікі сияқты емес, су жаңа болатын. Жасы отыз бесте. Тепсе темір үзетін жігіт. Майдан доптарының барлығында бір кісідей ойнайтын, алыс теңіздерге шығып қармақ салуда көрсеткен өнерлері де бар еді, бірақ төрт кісінің алдында, жаңа ғана қоян жүрек қорқақтығын байқатып, масқара болып қалды.
– Арыстан үшін алып қояйық, – деді ол, – көрсеткен көмегіне қалай рахмет айтуды білмей отырмын.
Маргарет, оның әйелі, жанарын күйеуінен тайдырып, Вилсонға қайта қарады.
– Біз осы арыстан туралы айтпай-ақ қойсақ қайтеді, – деді әйел.
Вилсон оған салқын қарап еді, бұл жолы Маргарет оған жымия қарады.
– Бүгін бір ерекше күн болды, – деді әйел, – түсте шатырдың ішінде сен телпек киіп отырмақшы едің, өзің айтып едің ғой, солай ма?
– Киюге неге болмасын, – деді Вилсон.
– Вилсон мырза, жүзіңіздің нарттай қызыл екендігін білесіз ғой, – оған қарап тағы күлді.
– Арақ ішкендікі, – деді Вилсон.
– Менше онікі емес, – деді әйел, – Френсис арақты көп ішеді, бірақ оның беті неге қызармайды?
– Бүгін қызарды, – деді Макомбер қалжыңға айналдырмақшы болып.
– Жоқ, – деді Маргарет, – бүгін беті қызарған мен. Ал Вилсон мырзаның беті қашанда қып-қызыл.
Нәсілге қатысты болса керек, - деп жауап берді Вилсон, - енді менің нұрлы жүзімді ауызға тиек ете бермесек қайтеді, қалай дейсіңдер?
Менің ауызға алғаным осы ғана еді ғой.
Онда осымен доғара қояйық, - деді Вилсон.
Сөйлесудің өзі қиын болды-ау, - деді Маргарет.
Жынданбай отыр, Марго, - деді күйеуі.
Қиын болатын түгі де жоқ, - деді Вилсон, - қарасаң көзің тоймайтын бір арыстанды сұлаттық та тастадық.
Марго екеуіне қарай қалды. Оның жылап жібергелі отырғанын екеуі де көрді. Осылай боларын ерте байқап, алаңдай беріп еді.
Неге бұлай болды, неге осылай болды? - деді де, Маргарет өз шатырына қарай кетті. Ол дауыстап жылаған жоқ, бірақ оның иықтарының қызыл көйлегінің ішінде бүлкілдеп бара жатқандығын көріп отырды.
Әйелге тән аусарлық, - деді Вилсон ұзын бойлы еркекке, - зілсіз күйгелектік, жай әншейін өткінші.
Жоқ, - деді Макомбер, - ендігі қалған өмірімде бұл масқаралықтан арыла алмаспын-ау деп ойлаймын.
Қайдағыны айтады екенсің. Бір тостағаннан тартып жіберейікші, - деді Вилсон, - бәрін біржола ұмыт, бүлінген ештеңе жоқ!
Оны көре жатармыз, - деді Макомбер, - бірақ сенің жасаған жақсылығыңды ешқашан ұмытпаймын.
Онда тұрған не бар, - деді Вилсон, - енді осыны айта беруді қояйық.
Қос қалың бүрлі араб каушіктерінің астына тігілген-ді. Қоналқаның арт жағы — қорымды құз, шалғындық. Алдыңғы жағы малта тасты өзенге қарай созылып жатыр, қарсы жаға — орман. Олар осы арада - ағаштың көлеңкесінде қарсы жақтың назарына шалынбай лимонад ішіп отыр еді. Аспаздар үстел қойып, сәскелік астың дастарқанын жая бастады.
Вилсон серіктерінің барлығы біліп қойғандығын сезе қойды. Макомбердің малайы үстелге табақтарды қойып жатып, қожайынына таңдана қарағанын байқап қалған Вилсон суахили тілінде оған зекіріп, ұрсып тастады. Ал малайы болса беті бүлк етпестен, сырт айналып жүріп кетті.
Сен оған не дедің? - деп сұрады Макомбер.
Ештеңе емес, сергегірек жүрсін дегенім ғой, әйтпесе мен оған көкесін көрсетер едім.
Не көрсетпек едің? Ұрасың ба?
Ол заңға тым үйлесе қоймайды, - деді Вилсон. - Ақшалай айып салу керек.
Сен оларды әлі де қамшымен шықпыртасың ба?
Иә, солай. Олар көңіліне кір сақтаса-ақ болғаны, дүрбелең туғызбай қоймайды. Бірақ бұлар өйтпейді. Олар таяқ жеуге ырза, бірақ ақшалай айыпқа көнбейді.
Ғажап екен, - деді Макомбер.
Ғажап ештеңесі жоқ, шын, - деді Вилсон, - мәселен, келісіп отырып таяқ жейсің, болмаса жалақыңнан айырыласың - өзің осының қайсысын таңдар едің?
Ол осыны айтуын айтқанымен, өз сұрағынан өзі ыңғайсызданып қалды да, Макомбердің жауап қайтаруын күтпестен іле сөйлеп кетті:
Бәріміз де Құдайдың құтты күні не одан, не бұдан таяқ жеп жүр емеспіз бе, өзің де білесің ғой.
«Құдай-ау, мынау да оңып тұрған сөз емес екен-ау» деп ойлады ол. «Өзім дипломат болып бара жатырмын-ау деймін...»
Дұрыс, біз таяқ жедік, - Макомбер оған қараған жоқ, - арыстан жайындағы істе бетіммен жер қауып қалдым. Бұл енді дабыра болып кетіп жүрмесін, солай ма? Жат-жалаға, өсекке айналып кетпесін дегенім ғой, қалай дейсің?
Мен мұны Матайга клубына барып айтады ғой деп отырсың ба? - әріптесіне ызғарлы қарап қойды. Бұндайды одан күтпеп еді. «Мына Макомберің қарғыс атқан ынжық қана емес, Құдай атқан миғұла да екен ғой» деп ойлады ол. Бірақ, осы американдық деген құлалардың байыбына кім бара берер дейсіз?
Жоқ, - деді Вилсон. - Мен ғой кәсіпқой аңшымын. Біз жалданған қожайындарымыз жайында ешқашан өсек-аяң айтып көрген емеспіз. Бұл жайында еш алаңдамауына болады. Бірақ, жұмған аузыңды ашпа десең, оның біраз әдептен аттағандық болар.
Енді ол бұлармен дүрдараз болып жүру көңілдірек болар ма екен деп түйді. Онда ол оңаша отырып тамақтанады, тамағын да жей, кітабын да оқи отырар еді. Олар өз алдына тамақтанатын болады, бүкіл аң сонындағы сонарда олармен жалдаушы мен жалданушының қатаң қатынасы негізінде ғана байланыс жасайды. Француздар бұндайды не деуші еді өзі? «Сыйлассаң, сырттас» деуші ме еді? Қайдағы бір пәтуәсіздікке бола көңілді күпті қылғанынан мұның өзі нәлет жауғыр әлдеқайда көңілді емес пе? Ол енді Макомберді шымбайына батыра қорлап, онымен ат кекілін бірақ кесіспек болды. Содан кейін ол тамақтана отырып кітабын да оқитын болады. Әрі олардың вискиін де баяғыша іше бермей ме? Бұл - саятшылықтың сәтсіз болғандығын білдіретін бір жосын сөз. Сен басқа бір ақ нәсілді аңшыға жолыға кетіп, одан: «Қал қалай?» - деп сұрай қалсаң, егер ол: «Олардың вискиін әлі де ішіп жүрміз ғой», - деп жауап бере қалса, жағдайдың мәз емес екенін біле қоясың.
Ғафу ет, - деді Макомбер оған қарап. Оның жасы жер ортасына келсе де, өзінің жастық ажарын жоғалтпаған еді. Вилсон Макомбердің қысқа қиылған кірпі шашына, жымысқы көздеріне, қыр мұрнына, жұқа еріндері мен сүйкімді иегіне көз тоқтатып өтті.
Ғафу етерсің, мен бұны ескермеппін. Білмейтінім әлі де көп қой.
«Ал енді бұған не істеуге болады?» - деп ойлады Вилсон. Ол биялы ағай, бикеш деп жатпай-ақ, онымен бет жыртысуға толық сайланып-ақ еді, бірақ мына ант ұрғанның жаңа ғана бұны қорлап алып, енді ғафу өтініп отырғаны мынау. Ол тағы бір қайрат қылып көруге бекінді.
Мен жайып жібереді деп алаңдамай-ақ қой, - деді ол. - Жан бағуға тиіспін. Африкада өз арыстанынан жаңылатын әйел табылмайтынын мен ақша тауып білсем, қыл мойынға тақалған сын сағатта табанын жалтыратып қаша жөнелетін ақ нәсілді еркекті де таба алмайсың, осыны біліп қой.
Мен қашқанда қоянша зыттым ғой деймін, - деді Макомбер.
«Ал енді сен бұлайша сөйлейтін қарғыс атқан еркекке не істерсің?» - деп ойлады Вилсон.
Вилсон пулеметшінің көзіндей мейірімсіз жасыл көздерімен Макомберге қарап, жаңағы сөзге жауап ретінде жай ғана жымия салды. Сен егер оның жәбірге ұшырамаған кездегі көз жанарына назар салмасаң болғаны, оның жымиғаны жә деген жайдарылық танытатын еді.
Бәлкім, мен бұның есесін енекеден қайтаратын шығармын, бері қара, - біз енді енеке ататын шығармыз, солай ма?
Егер қаласаң, таңертең бастауға болады, – деді оған Вилсон. Бәлкім, ол жаңа ғана жазықсыз жазғырылған болар. Дегенмен бұл істің жайы тек осылай болуға тиіс. Америкалықтарға сен шынымен-ақ Құдай атып, мін таға алмай қаласың.
Ол Макомберді қайтадан шын көңілден жақсы көре бастады. Бар болғаны таңертеңгіні ұмытса болғаны. Бірақ бұл, әрине, қолдан келе қоймас. Бүгін таңертең оны Құдай келістіріп-ақ атты.
– Әйелің келе жатыр, – деді ол. Макомбердің әйелі шатырынан шығып келеді екен. Көңілі тасып, бал-бұл жанып, жауқазындай жайнайды. Оның сопақша келген жүзінің қапысыз мінсіздігі сондай, сен оны алғашында аңқау адам ба деп те қалар едің. Бірақ қайдағы аңқаулық, атамаңыз, қарғыс атқыр, қайдағы аңқаулық деп ойлады Вилсон. 
– Көрікті нарт қызыл Вилсон мырза, сәлеметсің бе? Френсис, қалай, тәуірсің бе, жаным? 
– Иә, жақсы болып қалдым, – деп жауап берді Макомбер.
– Мен бұл уақиғаны енді мүлде қаперге алмаймын, – деді Марго үстелдің жанына отырып жатып. – Френсистің арыстан атуда сұрмерген болуының не қажеті бар өзі? Бұл – оның тірлігі емес. Ол – Вилсон мырзаның тірлігі. Вилсон мырза нені өлтірсе де адамның есінен шықпастай етіп өлтіретін шығар. Сен нені болса да өлтіресің ғой, солай ма?
– Иә, нені болса да өлтіремін, – деп жауап берді Вилсон. – Шынында, нені болса да өлтіремін. - Әйелдер, – деп ойлады ол – жұмыр жер бетіндегі барып тұрған тасбауыр, барып тұрған қаражүрек, барып тұрған қатыгез, тонаушылыққа мейлінше кәніккен жандар ғой. Дегенмен адамның жан жүйесін ерітетін де тағы солар. Бұлар қаһарына мінсе, ерлері құрша жорғалап, тұла бойы түршігіп, құты қашар еді. Бәлкім, бұлар өздерінің илеуіне көнетін еркектерді ғана қолдарына қондырып ала қоя ма екен? Бірақ, бұлар неке жасында сонша көп нәрсені біле қоюы мүмкін емес қой, – деп ойлады ол. Бұдан бұрын өзінің америкалық әйелдер хақында терең түсінігі болғанына іштей қуанып отырды. Өйткені, мына келіншек айтса айтқандай-ақ жүректі жүйткітетін бәлекет екен.
– Таңертең енеке атуға барамыз, – деді ол әйеліне.
– Мен де бірге барамын, – деді әйел.
– Жоқ, сен бармай-ақ қой.
– Барамын, мен барамын. Бола ма, Френсис?
– Қоста қалғаның жөн емес пе?
– Қалмаймын, – деді ол. – Қалай айтсаң да, мен бүгінгідей қызықтан құр қалғым келмейді.
Ол кетіп бара жатқан кезде – жылағалы кетіп бара жатқан кезде, «Түсінігі мол, көргенді, күйеуінің де, өзінің де абыройын ойлай алатын жақсы әйел-ау шамасы» деп ойлады Вилсон. Ол отыз минуттай аялдады да, өн бойын америкалық үлгідегі әйелдердің қатыгездігіне тоғытып алғандай болып қайтып келді. Бұлардың барлығы да жер жастанғырлар ғой, расында да, барып тұрған жексұрындар емес пе?
– Біз саған ертең басқа бір көріністі көрсетеміз, – деді Френсис Макомбер.
– Сен бармайсың ғой, – деді Вилсон.
– Қатты қателесіп отырсың, – деді әйел оған. – Мен қайтсем де барамын. Сенің көрсетер кереметтеріңді көрмеймін бе? Былайша айтқанда, адамның басын қағып алу да сүйкімділікке жататын болса, бүгін таңертең сен аса сүйкімді болып көріндің ғой.
Түстік те даяр болған екен, - деді Вилсон, - тәбетің тәуір ғой?
Неге олай болмасқа, мен бұл жерге күту үшін келгем жоқ қой.
Иә, күтуге қазір негіз жоқ, - деді Вилсон өзендегі тастар мен қарсы беттегі ағаш бүркенген биік жағаны көріп отырып, бүгінгі таңертеңгі жағдайды еске алған еді.
Ой, олай емес, - деді әйел, - өте қызықты болды. Ертеңгі күн тағы бар, менің ертеңге қаншалықты ынтығып отырғанымды білмейсің ғой.
Бөкен қуырдағынан дәм татыңыздар, - деді Вилсон.
Еті өте дәмді, - деді Макомбер.
Үлкендігі сиырдай осы бір хайуан қоянша секіреді екен, солай ма? - Менше, бейнесі соған келеді.
Сен атып едің ғой, Френсис? - деп сұрады әйел.
Иә.
Олар қатерсіз ғой, солай ма?
Олар өзіне шабуыл жасамаған кезде, - деді Вилсон.
Бұл да жұбаныш.
Мекіршімесең қайтеді, Марго, - деді Макомбер. Ол бөкен етін турап, картоп быламығын, ет сөлін және сәбізді төмен қаратып шаншылған шанышқыдағы етке салып жатқан болатын.
Лебізің жанға жағымды болғандықтан, - деді ол, - оған да көндік.
Бүгін кешке әлгі арыстан үшін бір бокалдан шампан ішейік, түс әлеті ыстықтау екен, - деді Вилсон.
Япырау, арыстан демекші, - деді Маргарет, - арыстан есімнен шығып кетіпті-ау.
Бұлай болғанда, деп ойлады Вилсон, ол күйеуін кекетіп отырған жоқ па? Болмаса, өздерінше айбат шеккелі отыр ма? Бір әйел өз күйеуінің қарғыс атқан қоян жүрек екендігін білген кезде не істеуі керек? Мына атаңа нәлет қатыгез-ақ екен, бірақ бұлардың қатыгез емесі жоқ қой. Олар үстемдік құрады солай, ал үстемдік жүргізу үшін қатыгез болмасына болмайды. Бұлардың қарғыс тиген қаталдық тәсіліне мен қанықпын ғой.
Қуырдақтан тағы да алыңыз, - деді ол әйелге сыпайы ғана.
Сол күні кіші бесін шамасында Вилсон мен Макомбер жергілікті шопырды, екі қару көтерушіні қастарына алып, машинамен шығып кетті. Макомбер ха-ным ауа айналып жерге түсердей ыстық болып тұрғандықтан таңертең ерте сендермен бірге шығамын деп қоста қалып қойды. Олар машинаға отырып жүргелі жатқан кезде Вилсон оның ашық раушан гүлі өңдес матадан тігілген киіммен нән ағаштың саясында тұрғанын көріп қалды. Бейнесін сұлу дегеннен көрі сымбатты деу жөн болар еді. Қолаң шашын артқа қарай тастап, желкесіне төменірек етіп бір түйіп тастапты. Оның бет-әлпеті бейне ағылшындардың бет-әлпеті сияқты көз тартар көрікті болып сезілді оған. Машина қозғалған кезде ол бұларға қарап қол бұлғап тұрды. Машина шалғыны жайқалған ойпаттардан орғып, орманды орап өтіп, жеміс ағаштары биік өскен адырға келіп тұмсық тіреді.
Жеміс ағаштарының арасынан олар Африканың бір топ ірі бөкендерін көрді де, машинаны тастап, ұзын талтақ мүйізді кәрі текесіне қарай баспалап жақындады. Макомбер оны екі жүз ярдтық қашықтықтан мақтауға татырлық етіп бір басқанда-ақ сұлатып салды. Зәресі ұшқан бөкен үйірі тым-тырақай, бірінің үстінен бірі секіріп, құны-перендері шықты. Төрт аяқты бауырына алып, аспандай секіріп, жөңкіле жүгіргенде бейне өзіміз кей кезде түсімізде көретіндей көріністі көз алдына елестетіп өтті.
– Мергендік-ақ, – деді Вилсон, – нысана онша үлкен емес.
– Мұнаның басы қалай? – деді Макомбер.
– Басында айтар жоқ, – деді Вилсон оған, – осылай ата берсең, саған келер зауал жоқ.
– Сенше, біз ертең енекелерді кезіктіре аламыз ба?
– Мүмкіндік зор, таң сәріде олар өріске шығады. Уақытында үлгерсек, оларды ашық алаңқайлардан кезіктіріп қалармыз.
– Арыстан жайындағы әлгі пұшайманшылықтан құтылсам ба екен деп ойлаймын, – деді Макомбер.
«Қатынға ондай істерге бара беру әманда көңілді бола бермейтіндігін көрсетейін. Қатын-қалаш дейтін не бар, соны ойлаудың өзі әлдеқайда көңілсіз емес пе? Өтер іс өткен екен, енді несіне мылжыңдай береді?» – деп ойлады Вилсон. Бірақ бұл ойын сыртқа білдірмей, жай ғана:
– Ол туралы енді қайтып ойыңа алмай-ақ қой, арыстанды алғаш рет көргенде кім болса да қорқып кетеді, жалпы бұл өтіп кеткен іс емес пе? – дей салды.
Бірақ сол күні кешке ашық оттың басында, қонақ асын жеп, сода қосқан вискиден тартып алғаннан кейін, Френсис Макомбер масалық ұстаған аспалы төсекте жатып, түнгі дыбыстарға құлақ түріп жатқан кезде, бұл оқиғаны біржолата өтіп кеткен іс деп есептей алған жоқ. Ол өтіп те кетпепті, жаңадан да басталмапты, ол сол кездегі бейнесі бойынша көз алдында көлбеңдей берді. Кейбір көріністер сүйекке таңба болып, оның бетін күйдіріп, жүрегін өртей берді. Одан да сорақы ұяттысы – зәрдей құлазыған қорқыныш оның көкірегін торлап алыпты. Бұл үрейлі қорқыныш әлі де сол күйінде екен. Зәредей құтылмас құлазу бір мезет сенімге мекен болған бүкіл кеңістікті жайлап алып, оны шыдатпай барады. Міне, ол әлі де оның көңілінде екен ғой.
Уақиға кеше түнде басталған болатын. Макомбер оянып кетіп, өзеннің басқы аңғарындағы бір жерінен арыстанның арқырап, ақырып тұрғанын естіді, дауысы өте зілді көрінді, сосын жөтел тектес күрсілге ұласып, шатырдың сыртында ғана тұрғандай болды. Макомбер түн ішінде оянып, арыстанның ақырғанын естігеніне қатты қорықты, әйелінің біркелкі тыныс алып ұйықтап жатқанын естіп отыр. Оның қорыққанын білген ешкім болған жоқ. Қорқынышын бөлісетін де ешкім болмай, оңаша жата берді. Ол сомалидың мына бір нақылын білуші еді: «Батыр адам арыстаннан қалай да үш рет қорқады: алғаш ізін көргенде, ақырғанын тұңғыш естігенде және бірінші кездесіп қалған кезде.»
Кейіннен олар ас-су шатырына шығып, шам жағып, тағы асқа отырған кезде күн әлі шықпаған болатын. Арыстан тағы ақырды. Френсис оны қоналқы жердің маңында ғана тұр екен деп ойлап еді.
– Құлақ салыңыздаршы, арланы ғой мынау, – деді Роберт Вилсон сүрленген балық пен кофесінен көзін тайдырып, – жөтеліп жатыр.
– Жақында тұр ма?
– Жоғарғы аңғарда, бір ағылшын милі шамасында болар.
– Барып көрсек қайтеді?
– Көрейік.
– Оның ақырған дауысы сонша ұзаққа жете ме? Қоналқы жерден шыққандай болады екен.
– Алысқа естіледі, атасына нәлет, – деді Роберт Вилсон. – Қалай өкіретініне таң қаласың. Соғып алуға болатын мысық сияқты болса жақсы ғой. Әріптестерім осы маңайда аса бір дәуі бар деп жүруші еді.
Егер маған сәті түсе қалар болса, қай жерінен көздеп атуым керек? – сұрады Макомбер.
Жауырынның ортасын көзде, – деді Вилсон, – шамаң келсе мойнынан дәлдеп атып, сүйегін үзіп жібер.
Жанды жеріне тигізе алсам жарайды ғой, – деді Макомбер.
Сен мергенсің ғой, – деді Вилсон оған. – Саспа. Қарауылға алғаннан кейін бірінші оқпен құлату сын болмақ.
Аралық қанша болу керек?
Кесіп айту қиын, арыстанға қарау керек. Қарауылға ілінердей жақындыққа жетпей оқ шығаруға болмайды. Жүз ярд жарайды. Бұндай аралықтан қай жерінен атам десең де ата аласың. Әйелің келді.
Қайырлы таң, – деді ол. – Біз мына арыстанды атамыз ба?
Сен сәскелік асыңды ішіп болғаннан соң жүріп кетеміз. Көңіл-күйің қалай?
Айтары жоқ, – деді ол, – мен өте елігіп тұрмын.
Мен керек-жарақтарымыздың дайындығын байқайын, – деп Вилсон жүре берді. Ол кетіп бара жатқанда арыстан тағы да ақырды.
Өкіруін қарашы, – деді Вилсон, – біз оның үнін өшірейік.
Не болды, Френсис? – деп сұрады әйелі одан.
Ештеңе болған жоқ, – деп жауап берді Макомбер.
Жоқ, бір түйткіл бар, – деді Марго. – Мазаңды кетіріп отырған не нәрсе?
Ештеңе емес, – деп жауап берді Макомбер.
Айтшы маған, – деді әйел қадала түсіп, – мазаң кетіп отырған сияқты ғой?
Сол анау қарғыс атқыр гүріл, – деді ол, – түні бойы ақырып шықты ғой, сен оны білдің бе?
Сен неге мені оятпадың? – деді Марго, – мен оны естуге құштар едім.
Мен ол ант ұрғанды жер жастандыруым керек қой, – деді Макомбер шарасыздан.
Айтары бар ма, сен осы араға сол үшін келген жоқсың ба, солай емес пе?
Солайы солай ғой, бірақ біртүрлі мазам кетіп тұрғаны. Оның ақырған дауысына шыдай алатын емеспін.
Оны сұлатып сал, Вилсон айтқандай, оны атып өлтір, сонда ол гүрілдемейтін болады.
Жөні солай ғой, сүйіктім, – деді Френсис Макомбер, – ауызбен айта салу оңай-ақ, солай ма?
Сен қорқып отырғаныңнан саусың ба?
Жоқ, таң атқанша ақырғанын естігеннен кейін көңілім сәл қобалжып тұрғаны.
Сен оны қатырып отырып жер жастандырасың. Мен білемін ғой. Бұл сенің қолыңнан келеді. Мен соны көргім келіп ынтығып отырмын, – деді Марго. – Сен тамақтанып болған соң жүріп кетейік.
Таң әлі құланиектенген жоқ, – деді ол. – Бұл не деген қасарысқан уақыт десеңші.
Тап осы кезде арыстан көкірегінен шыққан қырылдаңқы дауыспен тағы да ақырып қоя берді де, лезде дауысын енешке түсіріп, ауаны тербетіп тұрғандай озандатып әкетті. Соңғы жағы күрсінгенге ұқсайтын зілді, көкірегін қарс айырған гүрілге ұласып кетті.
Құлағыңның түбінен шыққандай болады екен, - деді Макомбердің әйелі.
Уа, құдайым! - деді Макомбер, - көрден шыққыр мына дауыстан запы болып біттім-ау!
Үні сондай әсерлі.
Жетісіп тұр, үрейлі.
Осы кезде Роберт Вилсон бір тұтамдай ғана 0.505 ұңғылы Гиббс деп аталатын мылтығын алып, ыржия күліп келе жатыр екен.
Жүрейік, - деді ол, - сенің қару көтерушің Спрингфилдті мен үлкен мылтығыңды алып кетті. Бәрі де машинада тұр. Сенде дара оқтар бар ма еді?
Бар.
Мен дайынмын, - деді Макомбер ханым.
Ананың көмейіне құм құяйық, - деді Вилсон. - Сен алдыңғы жаққа отыр. Ханым менімен бірге артқы орындыққа отырсын.
Олар машинаға отырды да сұрғылт таң сәулесін жамыла, ағаш-ағаштың арасымен өзенді бойлай тартып кетті. Макомбер ұзын мылтықтың шақпағын қайырып, жез сауытты оқты мылтығының көмейіне жүгіртіп, масаның тиегін жауып қойды. Ол қолдарының дірілдей бастағанын байқады да қолдарын қалтасына салып, қалған оқтарын түгендеп шықты, одан кейін кеудедегі оқшантайға өткізген оқтарын сипалады. Есік орнатылмаған қорап тектес машинаның артқы орындығында әйелінің қасында отырған Вилсонға бұрылып қарап еді, ол екеуі мәз-мәйрам күліп отыр екен. Вилсон алдыңғы жаққа еңкейе түсіп, сыбырлап қана:
Құстардың төмен қарай шүйілуіне қарағанда, кәрі нәлеті тойып алып тартып отырған көрінеді, - деді.
Макомбер қарсы жағадан бірнеше құмайдың орман үстінде айналып жүріп, төмен қарай сорғалағанын көріп қалды.
Осы тұстан келіп су ішуі мүмкін, - деді Вилсон сыбырлап, - қайтып барып жусауы мүмкін, сақ болайық.
Олар биік қабақтың жиегімен баяу жүріп келе жатты. Бұл тұстың өзен арнасы терең орылып кеткен жар, арнаның табаны қарақорым тастар болатын. Жүргіншілер жуан ағаштардың арасымен келе жатыр. Макомбер қарсы жағалауға қарап келе жатыр еді, Вилсонның өзінің білегінен ұстай алғандығын аңғарды. Машина да тоқтай қалды.
Әне тұр. Алдымызда. Оң жақта. Машинадан түсіп барып атайық. Мынау нағыз көкжалдың өзі екен, - деген сыбырын естіді.
Макомбер арыстанды енді көрді. Ол көлденеңдеп тұр десе де болатындай екен. Ерепайсыз үлкен басын кекжитіп, бұларға қарай бұрыла қарап тұрды. Бері қарай соққан ұйытқыма жел оның қарақоңыр жалын болымсыз ғана желпіп тұрды. Жоталанған жарқабақта алакеуім таң сәулесінде қарабарқын сұлбасы, кеңсіріктей кеудесі, шермиген қарны анық байқалады. Көрер көзге ол соншама керіскедей зор екен.
Аралығы қанша? - деп сұрады Макомбер ұзын мылтығын көтере беріп.
Шамамен жетпіс бес ярд, машинадан түсіп барып атайық.
Неге осы жердің өзінен болмайды?
Машинаның үстінде отырып аң атуға болмайды. Және ол күні бойы сол жерде тұра бермейді, - деп Вилсонның құлағының түбіне келіп айтқан сөзін естіді.
Макомбер алдыңғы орындықтың жақтауынан шығарған ойыстан аттап, баспалдақты басып жерге түсті. Арыстан айбар шегіп, бергі жақтағы нысанаға шекесінен қарап, әлі де сол орында тұр. Оның көздері қырынан ғана қарайып көрініп, зілдікі (мүйізтұмсық) сияқты адырайып тұр. Ол адам иісін сезе алған жоқ болуы керек. Тек мына сұлбаларға қарап, басын сәл ғана қозғап қойды. Ол бұл сұлбаларға қарағанда қорыққандығынан емес, олардың алдында су ішуге бола ма, жоқ па, соған екі ойлы болып тұрған еді. Ол әлгі нысанадан бір адамның бөлініп шыққанын көрді де, зілдей басын бұрып, орманның бүркеу жынысына қарай ырғала басып кетіп бара жатыр еді, гүрс еткен дауысты естуі мұң екен. 0.6-0.30 ұңғылы мылтықтың 220 миллиметрлік дара оғы бүйірінен келіп килікті де, күйдіріп, жандырып, қарнын түйреп өтіп, жүрегін айнытып жіберді. Ол шермиген жаралы қарнын сүйретіп, табандарын барбита түсіп, орманды ендей етіп, шалғын шөптің нуына қарай қашты. Ауаны қақ айырған тағы бір дауыс оның жанынан жанап өте шықты. Іле-шала тағы да гүрс етті де, бұл жолы қабырғаны қырқып өткендей болып, қанды көбік аузына құйылып кетті. Ол шалғынға қарай ұшырта жөнелді. Оларды – әлгі тарсылдағымен бірге жанына жақындатып алып, соны ұстап жүрген адамды бас салып, бүктеп қалу үшін жер бауырлап бұғып жатып қалды.
Макомбер машинадан түскен кезде арыстанның қандай түйсікте болғанын ойлаған жоқ. Ол тек қолдарының қалтырап, машинадан былай кеткен кезде аяғын зорға басып бара жатқанын сезінді. Сандары сіресіп, бұлшық еттері тартылып қалды. Ол мылтықты кезеп тұрып, арыстанның басы мен жауырынының тұтасқан жерін көздеп тұрып, шүріппені басып қалды. Басуын басқанымен, ешқандай дыбыс естілген жоқ. Сонда барып ол қауіпсіздік тиегінің әлі бекітулі тұрғанын біліп, мылтығын түсіріп, тиекті ағытты да, сірескен қалпы алға қарай тағы бір аттады. Осы кезде арыстан оның машинасынан шыққан сұлбасын көрді де, бұрылып алып жорта жөнелді. Макомбер мылтықты басып қалды. Бүлік еткен дауыс оқтың дарығанын білдіргенімен, арыстан әлі қашып бара жатыр екен. Макомбер тағы да атып қалып еді, оқ арыстанның қасынан шаңды бұрқ еткізгенін жұрттың бәрі көрді. Төменірек көздеп тағы да атып қалғандығы есінде. Оқтың тағы да тигенін бәрі де естіді. Арыстан зымырай жөнелді. Ол мылтығының шақпағын қайырып үлгергенше, арыстан шалғынға сүңгіп кіріп кетті.
Бір лоқсып ықылық аттырып, Макомбер сол жерде сілейіп тұрып қалды. Мылтығының шүріппесі әлі басулы тұр. Мылтық ұстаған қолы дір-дір етеді. Әйелі мен Роберт Вилсон қасында тұр екен. Әлгі екі қару көтеруші де суахили тілінде былдырласып сөйлесіп жатыр.
– Тигіздім, – деді Макомбер. – Екі рет тиді.
– Бір оқ қарыннан, енді бір оқ алдыңғы жақтағы бір жерінен тиді, – деді Вилсон селсоқ қана. Қару көтерушілер үн-түнсіз тұнжырап тұр.
– Сен оны өлтірген болуың мүмкін, – деді Вилсон іле тіл қатып.     – Біз бір демнен кейін барып көрейік.
– Қалайша?
– Біраз қинала түссін, содан кейін барып іздейік.
– Жарайды, – деді Макомбер.
– Қарғыс атқыр, керемет-ақ арыстан екен, – деді Вилсон пейілдене сөйлеп. – Анау бір қолайсыз жерге кіріп кеткені болмаса.
– Қалайша қолайсыз жер?
– Үстінен дәл түспесең, таба алмайсың.
– Солай ма? – деді Макомбер.
Жүр, - деді Вилсон, - ханым осы жерде, машинада қалсын, біз барып қанның ізін шалғайық.
Осында бол, Марго, - деді әйеліне. Оның аузы кеберсіп, тілі икемге зорға келді.
Неліктен? - деп сұрады Марго.
Вилсон айтты ғой.
Біз барып көрейік, - деді Вилсон. - Сен осы жерде қал, бұл арадан бәрі де анық көрініп тұрады.
Жарайды.
Вилсон шопырға суахили тілінде бірдеме деп еді, ол басын изеп: - Жарайды, қожайын, - деді.
Сөйтіп олар өзеннің құлама жарқабағынан түсіп, бұлақтан өтті. Үлкен кереге тастан айнала өрмелеп, сорайып шығып жатқан ағаштың тамырларынан ұстай отырып, қарсы жағаға өтіп шықты. Содан кейін өзенді бойлай келіп, Макомбер алғаш атқан кезде арыстанның қашқан жерін тауып алды. Қару көтерушілер қолдарындағы таяқпен қара қошқылданып жатқан қан ізін нұсқап көрсетіп отырды. Із жағадағы орманның ішіне еніп кетіпті.
Енді қайтеміз? - деп сұрады Макомбер.
Басқалай амал жоқ, - деді Вилсон. - Жар өте құлама, машина бара алмайды, ол әлі де біраз әлсірей түссін, содан кейін екеуміз кіріп көрейік.
Шөпке от қойсақ қайтеді? - деп сұрады Макомбер.
Шөп өте жас, балғын екен, жанбайды.
Қағушы шақырып әкелсек қайтеді?
Вилсон оған барлай қарап алды да:
Ол да болады ғой, - деді ол, - бірақ бұл біреуді мерт қылуға апарып соғады. Арыстанның жараланғанын біліп отырмыз. Жараланбаған арыстанды қуып жіберуге болады. Ал жараланған арыстан қашанда қарсы шабады. Үстінен түскенше сен оны көре алмайсың. Ол қоян екеш қоян да бой тасалай алмайтын жерге жасырынып, жермен жексен болып жатып алады. Серіктеріңді ондай жерге қалай бастап барасың? Біреу-міреу мерт болса қайтеміз?
Ал қару көтерушілер ше?
Е, олар бізбен бірге барады. Бұл - олардың кәсібі ғой. Асылында, оларды осындай тірліктерді істету үшін жалдайды емес пе, бірақ олардың да тым белсеніп тұрғаны шамалы, солай ма?
Менің ол жаққа барғым келіп тұрған жоқ, - деді Макомбер. Бұл сөз оның аузынан аңдамай шығып кетті.
Менің де барғым келіп тұрған жоқ, - деді Вилсон жарқылдай жауап беріп. - Бірақ бұдан басқа амал жоқ.
Сөйтті де, сөзінен жаңылып тұрғандай Макомберге қарап алды да, оның қалтырап тұрған сорлы әлпетін байқап қалды.
Әрине, сенің бармауыңа болады, - деді ол, - мен осындай тірлікті істеу үшін жалданғанмын ғой. Оны өзің де білесің. Ақыны жоғары сұрағаным да сондықтан болатын.
Өзім жалғыз барамын дегенің бе бұл? Оны неге қоя бере салмаймыз?
Бағанадан бері ой-санасы арыстан мен оған қатысты мәселелерге ауып кеткендіктен, Вилсон Макомбердің қорқып тұрғандығын байқағаны болмаса, ол жайында мүлдем ойлаған жоқ еді. Енді мына сөзін естігенде қонақ үйде бөтен есікті жаңылыс ашып қалып, ұятты бір жағдайды көріп қалған адамдай өне бойы аяқ астынан түршігіп кетті.

Қалай дедің?
Неге оны жайына қалдырып, қоя бере салмаймыз?
Сонда өзімізді-өзіміз алдап, атып тигізе алғанымыз жоқ дейміз бе?
Жоқ, қоя бере салған боламыз да.
Өйтуге болмайды.
Неге?
Біріншіден, ол азап шегіп, қиналып жатыр, екіншіден, оның үстіне басқа біреулер түсіп қалуы мүмкін.
Түсінікті.
Бірақ, сен бармасаң болмайды деп тұрғаным жоқ.
Барамын, - деді Макомбер. - Дегенмен шамалы қорқып тұрғаным. Соны білсең болғаны.
Бір демнен кейін шалғынға кірген кезде мен алдыңғы жақта жүріп отырайын, - деді Вилсон. - Конго сүмелегі жол бастасын. Сен менің сонымнан бір жағымнан ығыстай еріп отыр. Біз оның ыңыранған дауысын естуіміз әбден мүмкін. Көрінген замат оқ жаудырайық, қорқатын ештеңе жоқ. Мен-ақ төтеп беремін. Расын айтсам, бәлкім, бармағаның да жақсы болар ма екен. Сол жөн шығар. Мен оны жайғастырып болғанша неге қатыныңның қасына барып тоса тұрмайсың?
Жоқ, барамын.
Жарайды, - деді Вилсон. - Десе де, барғың келмесе бармай-ақ қой. Бұл - менің ата кәсібім, оны өзің де білесің.
Барамын, - деді Макомбер.
Олар ағаштың түбіне отырып темекі тартты.
Осы аялдап тұрғанымызда әйеліңе барып тілдесіп келмейсің бе? Үлгересің, - деді Вилсон.
Жоқ.
Мен барып, оған сабыр ете тұр деп келейін.
Жарайды, - деді Макомбер.
Оның қолтығы терлеп, аузы кеберсіп, ішек-қарны төмен тартқандай болып, ағаштың түбінде отырып қалды. Вилсонға: «Арыстанның көзін сен құрт, мен бармай-ақ қояйын», - деп кесіп айтайын деген ойға да келді. Вилсонның: «Мынаның хал-жағдайының мынадай екенін ертерек сезген болсам, қатынының қасына қайтарып жіберген болар едім», - деп қатты қапаланып жүргенін ол білген де жоқ.
Өстіп отырған кезде Вилсон келді де:
Сенің үлкен мылтығыңды алып келдім, мә, біздің оған берген уақытымыз аз болған жоқ қой деймін. Жүрейік, - деді.
Макомбер үлкен мылтығын қолына алды. Вилсон:
Менің оң жақ сонымнан бес ярд шамасында аралық тастап еріп отыр. Айтқанымды бұлжытпай орында, - деді де әлгі екі қару көтерушіге суахили тілінде сөйледі. Бұл екеуінің де сұры суға кетіп тұр екен.
Кеттік, - деді ол.
Су ішіп алсам бола ма? - деп сұрады Макомбер.
Вилсон жасамыс қару көтерушіге тіл қатып еді, ол белінде байлап жүрген сусын торсығын шешіп алып, қақпағын ашты да, Макомберге ұсына қойды. Макомбер қолына алғанда құтының соншалықты ауыр, киіз қабының түрпідей тікенек екендігін сезді. Ол құтыдан су жұтып тұрып, қарсы алдындағы шалғынды, оның арғы жағындағы біркелкі өскен ағаштарды көрді. Бұларға қарсы соққан самал жел шалғынды судыр қақтырып, баяу ғана толқытып тұрды. Макомбер әлгі қару көтерушіге қарап еді, оның да зәресі ұшып, қорқып тұрғандығын байқады.
Шалғынға отыз бес ярдтай кіргеннен кейін, алып арыстан жер бауырлап жатып алған болатын. Құлақтарын артына қарай жымыра түсіп, қараконыр сабау құйрығын болымсыз ғана бұлғап жатты. Тасаға кірісімен оның калы мүшкілдей тусті. Ток карынды түйреп өткен оқтын жаракаты жүрегін айнытып, діңкесін куртып, тыныс алған сайын канды көбік аузына тола берді. Бүйірлері дымқыл тартып, күйіп-жанды. Қоңыркай терісін тесіп өткен дара оқтын түймедей жаракатына бір кора шыбын үймелеп алыпты. Үлкен сарғыш көздерін зәрлене сығырайтып, тыныс алуы киындаган кезде гана карсы алдына карап кояды. Тұяктары күн кактаган борпылдақ топыракка бойлап, шеңгелдеп кіріп кетіпті. Өне бойын дерт, айну, өшігу билеген арыстан қалған бар қайратын соңғы бір атылуға ғана арнап жаткан болатын. Адамдардың сөйлескенін естіп, солар шалғынға кірісімен тарпа бас салмакшы болып, бүкіл күш-қуатын жиып жатты. Олардын дыбысын естігенінде құйрығын ерсілі-қарсылы сабаулап, олар шалғынга кірісімен гүр етіп жалғыз-ақ атылды.
Әлгі егделеп калған Конголық қару көтеруші ең алда, кан ізін куып кетіп бара жаткан болатын. Вилсон үлкен мылтығын оңтайлап шөптің сыбдырына зер салуда еді. Тағы бір кару көтеруші екі көзін алдыңғы жақтан алмай тың тындаса, Макомбер мылтығынын оқшантайына оқты басып алып, Вилсонга жанамалай келе жаткан болатын. Олар шалғынға енді ғана іліне бергенде Макомбер кан жута шашалған гүрілді естіп, шөп арасынан әлдененің суылдап, зулап, атылып келе жатканын көре қойды. Онан кейін ол өзінің жанын қолға ұстап, жындана жүйткіп каша жөнелгенін, бұлаққа қарай зытып бергенін ғана біледі.

Ол Вилсонның жуан мылтығының гүрс ете түскенін, іле-шала құлақты тұндыра тағы да гүрс ете түскенін естіп калды. Жалт бұрылып карап еді, жарты шекесі жұлынып кеткен арыстан сол үрейлі күйінде шалғынның шетінде Вилсонға карай шапшып жүр екен. Әлгі кызыл шырайлы сабазың дөрекі кеспелтек мылтығының шақпағын қайырып жіберді де, қарауылға қапысыз іліндіріп, құлақ тұндыра тағы да гүрс еткізді. Шапшып, тікесінен тік шаншылып, атылып келе жаткан алып сары арыстанның мылжа-мылжасы шыққан үлкен басы алдына карай сылк ете түсті. Макомбер жаңа ғана өзі қашып шыққан алаңқайда оқтаулы ұзын мылтығын ұстаған калпы жалғыз сілейіп тұрып қалды. Арыстанның өлгенін екі негр мен бір ак нәсілді адамның өзіне қайырыла, қорашысына қарағандарынан ғана білді де Вилсонға қарай жүрді. Ол еңгезердей ұзын бойымен көпе-көріну масқара болды да калды. Вилсон оған қарап:
- Суретке түсіресің бе? - деп сұрады.
- Жоқ, - деді ол.
Машинаға отырғанша барлығының айтқаны осы бірауыз ғана сөз болды. Содан кейін Вилсон:
- Қарғыс атқырдың өзі де керіскедей-ақ арыстан екен. Серіктеріміз терісін сыпырып алар. Біздің осы арада саялай тұрғанымыз жөн болар, - деді.
Әйелі Макомберге қараған жоқ. Ол да оған қарамады. Макомбер артқы орындыкка әйелінің қасына отырды. Вилсон алдынғы орындыққа жайғасқан болатын. Макомбер ұмсынып барып бетіне карамастан әйелінің қолынан ұстап еді, әйелі колын тартып алды. Макомбер бұлақтың арғы жағалауындағы қару көтерушілер арыстанды сойып жатқан тұсқа қарады да, жаңағы бүкіл болмысты әйелінің көріп қойғандығын біле қойды. Олар өстіп отырған кезде әйел Вилсонның иығына апарып қолын артты. Вилсон кайырылып карап еді, әйел аласа арқалықтан еңкейіп барып оның ернінен сүйді.
О, менің ақ еркем, – Вилсонның беті ду етіп, жайшылықтағы күнге қақталғаннан арман қызарып кетті.
Роберт Вилсон мырза, – деді әйел, – нұрлы жүзді, қызыл шырайлы Вилсон мырза.
Содан ол Макомбердің қасына қайтадан отырды да, мойнын бұрмастан қарсы жағалауға көз тікті. Арыстан сол арада сұлап жатқан болатын. Терісінен сыпырылған алдыңғы қолы делдиіп, аппақ шандырлы еттерінен тарамысы көрініп, шермиген қарыны жарқырап шалынады. Негрлер теріні шелдеп жатыр екен. Ақыры қару көтерушілер шылғи ауыр теріні өзеннен алып өтті де, бүктеп, машинаның артқы жағына апарып қойды. Машина жүріп кетті. Қосқа жеткенше ешқайсысы ләм деген жоқ.
Арыстанның хикаясы осы болатын. Макомбер арыстанның бұларға қарай атылардан бұрын қандай сезімде болғандығын да, аузына келіп, ұңғы ішіндегі алғашқы тебіні екі тонна келетін 0.505 оқтың адам айтқысыз соққысы тиген кезде қандай сезімде болғанын да білген жоқ. Екінші қайтара жасын түскендей күшті соққы бөксе жаққа келіп тигеннен кейін де, әлгі бір күрсілдеген, өзінің дал-дұлын шығарған бәлеге қарай толассыз итермелеген не нәрсе екенін де білген жоқ. Бұл туралы Вилсон бірдеңе білсе керек. Бірақ ол «қарғыс атқыр, тамаша арыстан екен» дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ. Макомбер Вилсонның жаңағы тірліктері туралы қандай ойда болғанын да білген жоқ. Ол әйелінің қандай ойлар кешкендігін де білген жоқ, тек оның өзінен ажырасып кететіндігін ғана білді.
Әйелі бұнымен бұрын да ажыраспақшы болған. Бірақ тастап кете алмаған. Макомбердің қалтасы өте қалың болатын. Ол қалта одан әрі қалыңдай түсуде еді. Сондықтан, әйелінің өзін тастап кетпейтіндігін бұл біліп алған. Бұл – оның дәп басып білетін санаулы істерінің бірі. Бұл осы көмбені біледі. Сонымен бірге ол ежелден бері – мотоциклді, машиналарды, қаз атқанды, қармақ салғанды, бекірені, ақ балықты, теңіз балықтарын, кітаптардағы жыныстық мәселелерді, қыруар көп кітаптарды білетін еді. Майдан доптарын, иттерді жетік біледі. Жылқы жайлы білетіндері мардымсыз. Ақшасын шашау шығармай ұстауды, өзіне тән әлемнің басқа да көп қырларын, сонымен бірге әйелінің өзінен кете алмайтындығын жақсы біледі. Әйелі көрік біткенінің сұлуы еді. Міне, Африкада да сол сұлу қалпы. Ал Америкада оның сұлулығы Макомберден қол үзсе жамалы жайнап кете алмайтын сұлулық. Ол жағын ол да, бұл да біледі. Ол күйеуінен ажырасудың орайын өткізіп алған. Күйеуі мұны да біледі. Бәлкім, күйеуі әйел сырына қанық адам болса, онда Маргарет күйеуінен басқа бір жас иіс тауып алмас па екен деп қауіптенер еді. Бірақ Марго күйеуін бес саусағындай білетін болғандықтан ол жағынан алаңдай қоймайды. Оның үстіне, күйеуі табиғатынан сабаз адам. Бәлкім, бұл оның сұмпайлығы болмаса, бойындағы қасиеті болуы ғажап емес қой.
Бәрін айт та бірін айт. Бұлар бақытты жұбайлар есебінде аттары алысқа кеткен адамдар болатын. Ажырасқалы жатыр деген дақпырт желдей ескенімен, бірақ аралары бөлінбеген жұбайлардың санатында еді. Бұл ретте олар алыстан ат терлетіп, ежелден «Қара Африка» деп аталатын өлкеге аң аулауға келген-ді. Әлеуметтік қатынастар айдарының бір тілшісі айтып еді: бұлардың салбурын сонарға бұл сапары жұртты қызықтыратын әрі бұрыннан үзілмей келе жатқан шырын қиялдарына болымсыз қауіп төнуімен ғана тыйылып қалмас дегеннің кері келді. Тап осы саланың қаламгері олардың «ажал аузына жақындап» қалғандығын кемінде үш рет жариялап үлгерген болатын. Шынында да солай болып шықты.
Бірақ бұлар әлі де серіктесіп бірге жүріп жатыр. Бұлардың қосылуында берік негіз бар ғой: Марго болса жас сұлу, Макомбер оны тастап кете алмайды. Макомбер болса аса қалталы кісі, Маргарет те оны тастап кетпек емес-ті.
Қазір сағат таңғы үшке таяп қалса керек, Френсис Макомбер арыстан жайындағы оқиғаларды ойлаудан қашып, көзі ілініп кетті. Оянып кетіп, қайта ұйықтады. Түсінде басынан қан саулаған арыстан қасында тұр екен дейді. Зәресі ұшып, шошып оянды. Жүрегі атқалақтап тұр екен. Құлақ түріп тыңдап еді, әйелінің өз шатырында емес, басқа анау аспалы төсекте жатқандығын аңғарды. Сананың осы сарсаңымен ол екі сағат кірпік қақпай ояу жатты.
Әйелі ақыры шатырға кірді-ау. Масалықты ашып, рахаттана төсегіне шықты.
— Қайда барып жүрсің? — деп сұрады қараңғыда Макомбер.
— Ау? — деді әйел. — Сен ояу ма едің?
— Сен қайда барып жүрсің?
— Сыртқа, даланың таза ауасын жұтып қайттым.
— Бұның ғажап екен, ә!
— Саған қалай деп айтсам екен, сүйіктім.
— Қайда бардың деймін?
— Таза ауа жұтуға шықтым.
— Бұл ана тірліктің жаңа атауы ғана, салдақы.
— Олай болса, сен ынжықсың.
— Солай-ақ болсын, — деді ол. — Онда тұрған не бар?
— Ештеңе. Мылжыңдай бермесең қайтеді, сүйіктім, өйткені мені ұйқы қысып барады.
— Сенше мен бәріне төзе береді ғой деп ойлайсың ба?
— Меніңше, төзуге тиістісің, сүйіктім.
— Бірақ мен бұдан былай төзе алмаймын.
— Садағаң кетейін, аяулым, мылжындаспайықшы. Ұйқы меңдетіп барады.
— Ондай іс енді қайталанбауға тиіс болатын, қайталанбауына келісім берген болатынсың.
— Иә, қазір болып қалды, — деді ол назданып.
— Осы сапарға шықсақ болғаны, ондай іс енді қайтып мүлде қайталанбайды деп едің ғой. Өзің келісім бергенсің.
— Солайы-солай ғой, сүйіктім, сөйтіп ойлап едім. Бірақ бұл сапар кеше бүлініп кетті. Бұны тілге алмай-ақ қояйықшы, жарай ма?
— Көзден тайып кетсең болды, бөксеңді бұра қоясың ғой, солай ма?
— Қойшы енді, ұйқы қысып барады, жарықтым.
— Қоймаймын.
— Онда мені сөкпе, ұйықтадым.
Ол шынымен ұйықтап кетті.
Сәскелік аста күн әлі шыға қоймаған еді. Үшеуі де үстел басында болатын. Макомбер барша жек көретін адамдарының ішіндегі ең өшіккені Роберт Вилсон екендігін сезінді.
    — Ұйқы жайлы болды ма? — деп сұрады Вилсон, трубкасына темекі толтыра отырып.
    — Өзің ше?
    — Айтары жоқ, — деді ақ нәсілді аңшы.
Ой, нәлет сол, — деп ойлады Макомбер, — ұятсыз, оңбаған.
Мына қатын шатырға кірген кезде оны оятып алған ғой деп ойлады Вилсон. Зәрдей мейірімсіз көздерімен екеуіне кезек қарап: «Е, бұл өз қатынына неге ие бола алмай жүр? Ол немене, мені балшықтан жасаған әулие деп ойлай ма? Әйеліне болып алсын, ол да өзінің осалдығы емес пе?» – деп түйді.
Маргарет:
Сенше, біз енекелерді таба аламыз ба? – деп сұрады да, бір тәрелке өрікті былай таман ысыра салды.
Мүмкін, – деді Вилсон әйелге күле тіл қатып, – сен неге қосты қалмайсың?
Қалмаймын, сол, – деді ол.
Қосқа қал деп неге бұйырмайсың оған? – деді Вилсон Макомберге.
Бұйрықты оған сен беретін шығарсың, – деді Макомбер зілдене сөйлеп.
Бұйрық-суйрық дегенді қойыңдаршы. Ақымақ болма, Френсис, – деді Марго Макомберге қарай бұрылып, көңілдене тіл қатты.
Сен жолға шығуға қамданып болдың ба? – деп сұрады Макомбер.
Сақадай саймын, – деп жауап берді Вилсон, – әйеліңнің баруына ризамысың?
Менің риза болу-болмауымның қажеті болып тұр ма?
«Сайтанның сапалығы», – деп ойлады Роберт Вилсон. Қағынды тигір. Мейлі, күл болмаса пұл болсын.
Ешқандай да.
Өзің онымен бірге қоста қалып, мені енеке атуға жіберейін деп отырған жоқсың ба? – деп сұрады Макомбер.
Өйтуге қақым жоқ, – деді Вилсон. – Мен сен болсам, бүйтіп беталды оттамаған болар едім.
Мен оттап отырған жоқпын, жиіркеніп отырмын.
Жайсыз сөз екен жиіркену деген.
Френсис, байқап сөйлесең қайтеді! – деді әйелі.
Мен, лағынет жауғыр, өте байқап сөйлеп отырмын, – деді Макомбер. – Сен осындай арамды татып көріп пе едің?
Татқан нәрселеріміз дәмсіз болып па еді? – деп сұрады Вилсон ызбарлана.
Басқа нәрселермен салыстырғанда дәмсіз болатын түгі де жоқ.
Өзіңді ұстай біл, қожайын, – деді Вилсон нығыздана сөйлеп, – бақыршылардың ішінде ағылшын тілін шала-пұшық білетіндері бар.
Жын соқсын оларды.
Вилсон орнынан тұрды. Трубкасын сора түсіп, өзін тосып тұрған қару көтерушілердің біреуіне қарай барды да, суахили тілінде бірер ауыз тіл қатты. Макомбер мен әйелі үстел басында әлі отыр. Макомбер кесесіне қарай тесірейіп қалыпты.
Сен бүйтіп қиғылық сала берсең, мен сенімен біржолата кетісемін, сүйіктім, – деді Маргарет баппен ғана.
Жоқ, сен олай ете алмайсың.
Байқап көруіне болады.
Сен мені тастап кете алмайсың.
Дұрыс, – деді Марго, – мен сені тастап кете алмаймын, сенің де сыпайырақ болғаның жөн.
Мен сыпайы болуым керек пе, айтады-ақ екенсің. Мен сыпайы болайын.
Солай сыпайы бол.
Сен неге сыпайырақ болып көрмейсің?
Мен қаншама, қаншама уақыт сыпайы болып келдім.
Менің әлгі қызыл бет сұмырайға қаным қайнайды. Көрсем болды құсқым келеді.
Ей, жап аузынды, – Макомбер ақыра жөнелді. Тап осы кезде машина шатырдың алдына келіп тоқтай қалды да, шопыр мен екі қару көтеруші машинан түсті. Вилсон келіп дастарқан басындағы ерлі-зайыптыларға көз тоқтатты.
Салбұрынға аттанамыз ба?
Жүр, – деді Макомбер түрегеліп, – жүр!
Шекпен ала жүрсек оң болар. Машинаның үсті суық.
Мен жарғақ шапанымды алып келейін, – деді Маргарет.
Күтушілер алып келеді, – деді Вилсон оған. Ол алдыңғы жаққа, шопырдың жанына шығып алды. Макомбер мен әйелі ләм деместен артқы жақта отырды.
«Мына антұрғанның ойына менің қара құсымды шағып жіберу ниеті түсе көрмесін деңіз» деп ойлады Вилсон. Әйел деген сонар қуған саятшының соры емес пе?
Даланың сұрғылт сағымын жамылған машина шырдақтаған малта тасты өзен арнасынан қиқылдай-шиқылдай өтіп, өзеннің қиялы кенересіне қарай өрледі. Алдыңғы күні Вилсон бұл жерден бір өткел жол қаздырып қойған болатын. Сондықтан, олар қарсы жағадағы орман көмкерген кедір-бұдыр жайылымның кенересіне ілініп кетті.
«Таңғы шақ тамылжып-ақ тұр екен» деп ойлады Вилсон. Шөпті мөлдір шық басып тұр. Машина доңғалағы балауса мен аласа бұта-бүргендерді жаншып өткен кезде үзілген қырыққұлақ жапырақтарының бұрқыраған иісі оның танауын қытықтай түсті. Бұл иіс қамшы шөптің иісіне ұқсаушы еді. Вилсон таңғы шық пен үзіліп түскен қырыққұлақтың иісін, қара барқын ағаш діңдерінің таңғы тұмандағы бұлыңғыр сұлбаларын ұнатушы еді. Машина тұяқ тимеген тұмса даланың төсінде жол қуалап тартып келеді. Ол артқы орындықта отырған екі адамды санасынан сырғытып тастап, енекелер туралы ойлап отырды. Бұлардың іздеп келе жатқан енекелері күндіз сазды өңірлердің түкпіріне кіріп алады да, атуға мүмкіндік бермейді. Түнде жазыққа шығып жайылады. Егер олардың сазға қайтар жолын машинамен кесіп, тосқауылдай алсаң, онда Макомбердің оларды ашық алаңқайда атуына қолайлы болады. Вилсон Макомбермен бірге тау, қоғалы, жыныс орманды жерлерге барып енеке атқысы келмеді. Ол Макомбермен бірге енеке түгіл мүлде аң атқысы келіп тұрған жоқ. Амал не, ол кәсіпқой аңшы ғой. Өз өмірінде оның талай сөдегей-сөлекет адамдармен бірге аң аулауына тура келді. Егер олар бүгін енеке ата алса, онда тек зіл (мүйізтұмсық) атуы ғана қалмақ. Сонымен бұл сорлының қатерлі аңдарды атуы тәмамдалады да, жағдайы біртіндеп жақсарып кетуі мүмкін. Вилсон енді мына қатынымен ілік-шатысын доғара қойса, Макомбер де бұл істі қаузай бермес. Сұрқына қарағанда, Макомбер бұндайды бұрын да талай рет басынан кешірген болса керек. Албасты басқан неме сол. Ол төтеп берудің амалын сөзсіз табады. Иә, солай бұл өзі сол бәле жауғырдың өз осалдығы емес еді дей аласың ба?
Роберт Вилсон салбурында жүргенде мүмкін болар қызықтан құр қалмас үшін қос адамдық брезент төсек ала жүруші еді. Ол осылар тектес әр елден келген аңшылар үшін аң аулап береді. Топ-топ дарақы, даңғаза, зауық қуған қағындылар әр елде де баршылық. Ал, ана әйелдердің осы бір ақ нәсілді ашынын брезент төсегіне аунап-қунамаса көңілі көншімей тұрады. Вилсон кейбіреулерін сол сәтте ұната қалса да, бірақ, көзден кеткен соң көңілден де кетіп, ұмыт болатын. Бірақ, бұл соларға сүйеніп жан бағады ғой. Олар оны тағы да жалдап жатса, олардың талғамы бұның да талғамы бола бермек.
Аңшылықтан тыс олар бұған барлық жағынан талғам бола алады. Бұл жерде Вилсонның өз талғамы бар. Олар соған бой ұсынулары керек. Олай етпесе, басқалармен бірлесіп аң аулай берсін. Өзінің осы үшін құрметтелетіндігін бұл да біледі. Мына Макомбер дегеніңіз оларға ұқсамайды екен. Оның үстіне, ана әйелі тағы бар. Иә, ана әйел. Иә, сол әйел. Әттең, сол әйел. Ойбой, ол сол оқиғалардың бәрін тақыр таза ұмытып кетеді. Аналарға бұрылып қарап еді, Макомбер сазарып, тұлан-тұтып отыр екен. Маргарет бұған жымиып қана күліп қойды. Бүгін ол ана бір қара дүрсін сұлулар сияқты емес, онан сайын жасанып, онан әрмен кіршіксізденіп, онан әрі үлбіреп кеткен сияқты. «Мынаның жүрегінде қандай сайтан бар екендігін бір Құдайдың өзі білсін» деп ойлады Вилсон. Кеше түнде ол көп сөйлеген де жоқ, сонда да ол көңілді ерек қуантқандай екен.
Машина бір көлбеу беткейден қайқайып шығып, орманды кесіп өтіп, шалғыны жайқалған жазық алаңқайға жетті де, соны кенерелеп бүркеу ағаштардың арасымен баяу тартып келеді. Вилсон өрісті және оның алыс шалғайларын жіті бақылап келе жатыр, енді бірде машинаны тоқтатып, кең өріске дүрбімен көз салды да, сосын шопырға тарта бер деген ишара білдірді. Шопыр дала шошқасының індері мен құмырсқа илеулерінен айналып өтіп, машинаны баяу ғана жүргізіп келеді. Сол кезде ашық өрістің сонау шалғайына көз тігіп келе жатқан Вилсон оқыс жалт бұрылып:
— Құдай-ау, олар әне жүр екен, — деді.
Вилсон шопырға суахили тілінде әлдебірдемелерді жітірмелете айтып еді, машина алға қарай жүйтки жөнелді. Макомбер Вилсон нұсқаған жаққа көз тігіп еді, қара барқын үш алып хайуан көрінді. Тұрықты, дәу тұлғасы жұп-жұмыр болып, бейне су таситын машинадай ашық өрістің қарсы жақ жиегінен жөңкіліп барады екен. Олар мойны мен денесін ұмсына сірестіре ұстап зытып барады. Макомбер олардың шаңырақтай талтақ мүйіздерін қашқан кезде сыпыдай сірестіріп, басын қозғалтпай кетіп бара жатқандықтарын көріп келеді.
— Үшеуі де кәртең бұқасы екен, — деді Вилсон. — Оларды сазға жеткізбей орап алайық.
Машина сағатына 40 ағылшын мильдік жылдамдықпен ашық өңірді қусырып, құтырына жүйткіп келеді. Макомбердің көзіне енекелер барған сайын зорайып, ақыры керіскедей үлкен бір бұқаны анық көрді. Түксіз сұрғылт терісінде бурташ-бұрташ қара қотырлары бар, мойны жауырынымен тұтасып кеткен екен. Қап-қара мүйіздері жарқ-жұрқ етеді. Бұл ана екеуіне құйрық тістесе қашып барады. Олар тізіліп алып, алға қарай ағызып келеді. Машина жолдан ауып кетердей шайқалып кетті. Бұлар нысанаға барған сайын жақындап келеді. Макомбер өлермендене жүйткіп бара жатқан бұқаның ерепайсыз үлкен тұлғасын, бауыр жүні селдіреген қарынына жабысқан батпақты, мүйіздеріндегі ірі қасаң шорларын, делдиген шелектей танауларын ап-анық көрді. Ол ұзын мылтығын кезей беріп еді, «машинаның үстінен атпа, дүлей!» — деп Вилсон ақырып жіберді. Макомберде қорқыныш жоқ. Вилсонға деген кектену ғана бар еді. Шұғыл тоқтатқанда сырғанап, ағызып келе жатқан машинаның толықтай тоқтауына тағат қылмай, Вилсон бір жағынан секіріп түсті. Макомбер бір жағынан түсе беріп, аяғы орнықты жерге тимей, сүрініп кетсе де, қашып бара жатқан бұқаны атып қалғанда оқтың тырс етіп тигені естілді. Ол мылтығындағы оғын атып бітірді. Бірақ, енеке әлі де төрт аяғын тең тастап қашып барады. Есіне жауырын ортадан ату керектігі сонда ғана түсіп, мылтығын оқтағалы қарманып жатқанда, бұқаның жер жастана барып құлап, зілдей басын шайқалақтатып жатқанын көрді. Макомбер басқа екеуінің әлі де қашып бара жатқанын байқап, алдынғысын тартып қалып еді, дәл тигізді. Тағы атып еді, тимей кетті. Вилсон басып қалды. Макомбер құлақ тұндырарлық гүрс еткен дауысты естісімен, алдынғы бұқаның сүріне барып, тұмсығымен жер тірей құлағанын көрді.
— Ана біреуін ат, — деді Вилсон. — Қансонар, салбурын деп міне, осыны айт. Бірақ, әлгі бұқа бұрынғысынша жүйткіп барады. Бұрқ еткен шаң шығарып, оқ — деп айғайлады да, Вилсон оның қолынан дарымай кетті.
— Жүр, алыстап кетті, — деп, оны машинаға мінгізді.
Макомбер мен Вилсон машинаның алдыңғы жағына міне салып, кедір-бұдыр жолмен қатты шайқалақтай, мойынын сірестіре алға қарай зытып бара жатқан бұқаны қуып кеп берді.
Олар бұқаны өкшелеп жетіп қалды. Макомбер мылтығын оқтап еді, жезі жерге түсіп кетіп, мылтығы шайқасып қалды. Оны аршып алғанша, бұлар бұқамен қатарласып та қалған екен.
— Тоқта! — деп айғайлап қалды Вилсон.
Машина ағып барып, аударылып қалуға шақ қалды. Макомбер алдыңғы жақтан секіріп түсіп, шақпақты қайырып жіберіп, дүңкиген қара жотаның алдыңғы жағын көздеп тартып жіберді. Және көздеп, арт-артынан үш рет атып, барлық оғын бітірді. Бірақ, бұқаға ешбір әсер етпегенін көрді. Осы кезде құлақты жара, Вилсонның шолақ мылтығы гүрс ете түсті де, бұқаның аяқтары тәлтіректеп кеткені байқалды. Макомбер қарауылға байлап тұрып, тағы да атып қалып еді, бұқа жерге шөке түсіп, құлап кетті.
— Жарайды, — деді Вилсон, — үшеуін құлаттық.
Макомбер мас адамша лепіріп кетті.
— Сен қанша рет аттың? — деп сұрады ол.
— Үш-ақ рет, — деді Вилсон. — Алғашқы ең үлкенін сен сұлаттың. Таса жерге түсіп кетпесін деп, қалған екеуін атарда саған көмектестім. Бұларды сен құлаттың. Менікі селбескен ғана тірлік. Енеңді ұрайын, сен жаман атқан жоқсың.
— Жүр, машинаға барайық, — деді Макомбер, — менің шамалы арақ ішіп жібергім келіп тұр.
— Алдымен мына бұқаны жайғастырып тастайық, — деді оған Вилсон.
Бұқа шөке түсіп жатыр екен. Олар барған кезде көзі шүңірейіп кеткен бұқа басын ере- пайсыз шайқап, өзеурене өкіріп жатты.
— Байқа, тұрып кетіп жүрмесін. Қырынан таман, жұтқыншағынан ат, — деді Вилсон.
Макомбер долдана шайқап жатқан жуан мойнының орта тұсын көздеп тұрып басып қалып еді, бұқа алдыға қарай сылқ ете түсті.
— Бітті, — деді Вилсон. — Мойын омыртқаға тиді, қарғыс атқыр, бұл бәлекеттерден ғибрат алуға болады, солай ма?
— Ішейік, — деді Макомбер.
Өмірінде дәл осындай көңілі шалқып көрмеген сияқты. Машинада Макомбердің әйелінің өңі аппақ құдай болып отыр екен.
— Жарадың, сүйіктім, — деді ол Макомберге. — Аңшылық деп осыны айт.
— Машина соғып тастаған жоқ па? — деп сұрады Вилсон.
Үрейлі, өмірімде осылай қорқып көрмеген шығармын.
Бәріміз де шамалы ішіп жіберейік, – деді Макомбер.
Әрине, – деді Вилсон. – Мінеки, ханым.
Әйел жалпақ құмырадан таза вискиді ұрттап алып, жұтқан кезде тітіркеніп кетті. Құмыраны Макомберге берді, ол Вилсонға қарай жалғастырды.
Желпінтіп жіберді ғой, – деді әйел, – тіпті басым зырқылдап ауырып кетті. Сендердің машинада отырып ататындарыңды білмеппін.
Ешқайсымыз да машинада отырып атқан жоқпыз ғой, – деді Вилсон салқын раймен.
Машинамен қуғанды айтып тұрмын.
Жайшылықта бұлай бола бермейді, – деді Вилсон, – бірақ осылай болғанының өзі тіпті қызық па деп қалдым. Ойлы-шұңқыр, орқаш-орқаш далада машина айдау аңды жаяу қуғаннан қатерлі сияқты. Егер енекенің зауқы соқса, біз әр рет атқан кезде олардың бізге шабуыл жасауына болатын еді ғой. Оған жалпы орай бердік. Бірақ мұны ауыздан шығаруға болмайды, бұл – заңсыз. Сен осыны меңзеп отырсың ғой шамасы?
Менше, қиянат-ақ, – деді Маргарет. – Машинаға отырып алып, анау алпамсадай сорлыларды қуу деген.
Солай ма? – деді Вилсон.
Егер Найробилықтар біліп қойса, қайтер едің?
Куәлігімді тартып алар, бұны бір деңіз, басқа да көңілсіз істер туар, – деді Вилсон жалпақ құмырадан ұрттап қойып. – Мен кәсіпсіз қалар едім.
Рас па?
Рас.
Жетер, – деді Макомбер, сол күні бірінші рет күліп тұрып. – Мынау сенің қай қитығыңа тиіп отыр?
Сен-ақ сөзге дес бермейді екенсің осы, Френсис, – деді Маргарет.
Вилсон мына екеуіне қарап тұрып, «мына салдақыны бір топас алса, олардан туған бала қандай болып шығар екен, шіркін», – деп ойлады. Бірақ ол ойын білдірместен:
Қару көтерушілердің біреуі жоқ қой, сендер соны байқаған жоқсыңдар ма? – деді.
Жоқ, ойбай! – деді Макомбер.
Келді, – деді Вилсон. – Ештеңе болмапты, алғашқы бұқадан өткен кезде машинадан құлап қалған болды.
Басында тоқыма тақия, үстінде трикеден тігілген аңшылық киім, аяғында резеңке шарығы бар, орта жастағы әлгі қару көтеруші бұларға ақсандай басып таяп келе жатты. Қабағы түсіңкі, мезі болғаны байқалады. Жақындап келіп, ол Вилсонға суахили тілінде даурыға жөнеліп еді, ақ нәсілді аңшының өңі кілт өзгеріп кеткенін бәрі де байқады.
Не дейді ол? – деп сұрады Марго.
Алғашқы бұқа орнынан тұрып, бұргенге кіріп кетті деп тұр.
Вилсонның өңі қашып кетті.
Міне, қандай! – деді Макомбер ес-түссіз адамдай.
Онда әлгі арыстан сияқты болды деші, – деді Маргарет үмітті ұшқынмен айтқан бейнемен.
Мүлде ол арыстан сияқты болмайды, – деді оған Вилсон.
Тағы бір жұтасың ба, Макомбер?
Болды, рахмет, - деді Макомбер. Ол арыстан оқиғасында пайда болған түйсік қайта оралады ғой деп ойлап еді, бірақ олай болмады. Ол тұңғыш рет бойын ешқандай қорқыныш билемегенін, қайта біртүрлі тиянақты серпілу сезімінің туғанын аңдады.
Екінші бұқаны барып көрейік, - деді Вилсон, - мен шопырға машинаны көлеңкелі жерге айдап апар деп айтайын.
Сен не істейін деп едің? - деп сұрады Марго.
Енекелерді көреміз, - деді Вилсон.
Мен де барамын.
Жүр ендеше.
Үшеуі екінші енекенің қасына барды. Ол жазықта алшақ біткен шаңырақ мүйізді басын шалғынға ұмсына салып, қап-қара болып теңкиіп жатыр екен.
Мына бастың айтары бар ма, - деді Вилсон, - екі мүйіздің арасы елу ағылшын сүйемі болар-ау.
Макомбер оған масаттана қарады.
Сұрқы жөн екен, - деді Маргарет, - біз ағаш көлеңкесіне барсақ болмай ма?
Болады ғой, әрине, - деді Вилсон.
Қарашы, - деді ол Макомберге нұсқай сөйлеп, - анау шоқ бұтаны көріп тұрсың ба?
Көрдім.
Алғашқы бұқа сол жерге кіріп кетіпті. Қару көтеруші машинадан құлап қалған кезде бұқа бұрынғы орында жатқан болатын дейді. Ол біздің әлгі екі бұқаны жын қаққандай қуғанымызға қарап тұрып, бір уақытта мойнын бұрса, бұқа орнынан тұрып, өзіне қарай ұмтылып келеді екен дейді. Қару көтеруші жанын шүберекке түйіп, қаша жөнеледі. Бұқа баяу ғана әлгі бұтаға кіріп кетеді.
Біз осы қазір барып іздесек бола ма? - деп сұрады Макомбер шиыршық атып.
Вилсон оған барлай қарады. «Мынау не деген Құдайдан қайтқан! - деп ойлады Вилсон. - Кеше қорыққанда жерге кіріп кете жаздап еді, бүгін енді қарғыс атқандай тіленіп тұрғанын қарашы».
Жоқ, біз оны сәл күтейік.
Кәне, ағаштың саясына барайықшы, - деді Маргарет. Оба тигендей оның беті бозарып, өң-түсі қашып кетіпті.
Олар мәуелі ағаштың көлеңкесінде тұрған машинаға барып отырды.
Ол ана жерге барып өле салған жоқ, - деді Вилсон, - сәлден соң барып көрейік.
Макомберді бұрын-соңды басынан кешпеген, біртүрлі жіп тағып жетуге болмайтын шаттық билеп алды.
Құдай-ау, қансонар-саятшылық деген осы екен ғой! Бұрын-соңды мұндай күйді бастан кешірмеген екем. Біраз желпінгендей боласың ба, Маргарет?
Мен жек көремін оны.
Нені?
Мен жек көремін, суқаным сүймейді, - деді әйел зілдене түсіп.
Енді менің неден де болса тайсалмайтынымды біліп қой, - деді Макомбер Вилсонға, - бұқаларды көре салып, қуып ала жөнелдік қой. Сонда менің көңілімде арнасынан асқан өзен сияқты бір өзгеріс пайда болды. Тура бір серпу деуге болады.
Өзгеше бір өжеттілік біткен ғой, - деді Вилсон, - адамға қай-қайдағы кездесе береді.
Макомбердің жүзі жайнап кетті.
Мен кездейсоқ бір өжеттікке кез болған шығармын, - деді ол, - мүлде өзгеше сияқтымын.
Макомбердің әйелі ләм-мим деместен, артқы орындықта бүрісе, тығыла түсіп, күйеуіне таңдана қарап қалыпты. Макомбер алдыңғы жаққа еңкейе түсіп, Вилсонмен әңгімелесіп отыр. Вилсон алдыңғы орындықтың арқалығына қырындай отырып алып, оған жауап беріп отырды.
Қалай деп ойлайсың, мен арыстанмен тағы бір рет шайқасып көрсем деймін. Қазір мен олардан қорықпайтын сияқтымын. Қыл мойынға тақалғанда олар саған не қыла қояр дейсің, - деді Макомбер.
Шынын айтқанда, солай, - деді Вилсон, - мықтағанда ол сені... Құдай-ау, Шекспир бұл туралы не деуші еді? Құдай төбесінен ұрғыр деп түсетін бір сөз еді. Бір кездері өзіме ғибрат етіп айтып жүруші едім. Ойланып көрейінші, иә, былай еді-ау: «Расын айтсам, маған бәрібір, бір-ақ рет өлемін, екі өлім өзі де жоқ. Бәріміз де Құдайға шыбын жан үшін қарыздармыз. Биыл өлсең, келер жылы өлің өзі де жоқ». Құдай төбесінен ұрғыр, жақсы-ақ сөз, солай емес пе?
Ол өзінің тіршілігіне тиянақ етіп жүрген асылын айтып тастағанына қатты пұшайман болып қалды. Бірақ ол бұрындары еркектің ұлғая келе секемшіл болып кететініне көзі жеткен болатын. Бұл оларға жиырма бір жастағы туған күнімен бірдей нәрсе емес қой.
Бұл бір айта қаларлықтай айрықша қансонар-саятшылық болды. Ойланып-толғанып жатпастан, әрекетке тосыннан, абың-күбің кірісіп кетіпті де, Макомбердің бойынан мынандай өзгеріс туғызып алды. Бұл өзгеріс қалай туылса да, мына антұрғанда туылып болды деп ойлады Вилсон. Бұл сияқты кейбір адамдардың бала мінезі бойынан көпке дейін арыла қоймайды. Жасы елуге келсе де, бойынан бала мінезі кетпей қояды. Тіпті өмірі осылай өтуі де мүмкін. Американың сақалды шолжаң жүгірмектерін айтам-ау, қарғыс тиген ғажайып жандар ғой олар. Бірақ ол қазір мына тұрған Макомберді ұнатып қалды. Қарғыс атқыр, қызық неме ғой өзі. Бәлкім, осыдан бастап бұл жасыл құлақшын кимейтін де шығар. Айтары бар ма, бұл өзі бір Құдай ұрғанда, оңды тірлік болайын деп тұр. Не түлен түрткенін кім білсін, мына сүмелектің өмірі қорқумен өтіп келе жатқан ғой шамасы. Енді, өтіп кетті. Енеке ату оның қорқынышына мұрсат та бермеді ғой деймін. Қатыны әлі ашуланып отыр. Машина бар әйтеуір. Жағдайды жаймашуақтандырып тұрған – осы жасағанда машина. Міне, енді қарғыс тигендей өлерменденіп, өзеуреп отырған түрі мынау. Вилсон соғыс кезінде дәл осындай өзгерістерді көрген болатын. Иманы кәміл. Ол да біртүрлі өзгеше өзгерістер болушы еді ғой. Үрей дегеніңіз операция жасағандай сылынып алып тасталады да, оның орнына белгісіз бір басқа нәрсе – еркекке ең керекті, адамды азаматқа айналдыратын нәрсе көктеп шыға келді. Бұны әйелдер де біледі. Қарасы батқыр қорқыныш содан кейін ғайып болады.
Орындықтың шеткі бұрышында отырған Маргарет Макомбер мен Вилсонға көз айырмай қарап қалыпты. Вилсонда өзгеріс жоқ. Оған Вилсон алғашқы көрген кездегі бейнесінен өзгермеген сияқты болып көрінеді. Маргарет ондағы орасан зор қабілеттің не екендігін сол кезде, тұңғыш рет сезінген болатын. Бірақ ол Френсис Макомбердің өзгеріп кеткендігін байқады.
Алдағы уақиғаға байланысты сенің оң қабағың тартып отырған жоқ па? - деп сұрады Макомбер, оның тыққан қоймасын тінте түскісі келіп.
- Сенің бұған масайрай қалуға болмайды, - деді Вилсон оған тура қарап, - сенің қорыққандығыңды айтудың еш оғаштығы жоқ. Байқа, бала, сенің әлі талай рет зәрең ұшатын кез келеді.
Десе де, кіріскелі тұрған іске сенде қандай оңды түйсік бар? Жоқ па әлде?
Бар, - деді Вилсон, - бәрі де бар. Бұны айта беру жарамайды. Айтыла берсе, қуаныш та азая береді. Айта берсең, не нәрсенің де дәмі кетеді.
Сендердікі құр лепіру, - деді Маргарет, - машинаға отырып алып, сорлы хайуандарды қуғандарыңды ерлікке балап, көпіртіп отырсыңдар.
Ұят болды, - деді Вилсон, - құр сөзді өлердей қоздырып жіберіппін. - Мына қатын осыған бола мазасы кетіп отыр-ау, - деп ойлады ол.
Егер сен біздің не туралы сөйлесіп отырғанымызды білмесең, несіне қыстырыласың? - деп сұрады Макомбер әйелінен.
Сен ержүрек, өжет болып шыға келдің ғой. Тосаттан батыр бола қалдың, - деді әйелі жаратпай. Бірақ оның ұнатпауы біртүрлі тұрлаусыздау болып көрінді. Өзі әлденеден қорқатын сыңайлы.
Макомбер мейлінше табиғи, көңіл жадырата күліп жіберді.
Менің өзгергендігіме көзің жетті ме? Расында, мен өзгердім, - деді.
Кештеу емес пе? - деді Маргарет кекетіп, өйткені, ол бұған талай жылдардан бері бар қайратын салып келген еді. Сондықтан, бұлардың бетпе-бет келіп отырған қазіргі жағдайлары бір адамның ағаттығы емес болатын.
Маған кеш емес, - деді Макомбер.
Маргарет тіл қатпастан орындықтың бұрышына қарай ығысып кетті.
Біздің оған берген уақытымыз жеткілікті болды ғой деймін? - деді Макомбер Вилсонға ынтыға сұрақ қойып.
Барып көрсек болады, - деді Вилсон, - дара оқтардан қалды ма?
Қару көтерушілерде біраз бар.
Вилсон бұқаның бас терісін сойып жатқан қартаңдау қару көтерушіге суахили тілінде дауыстап еді, ол орнынан тұрып келіп, жан қалтасынан бір буда дара оқты алып, Макомберге ұстатты. Макомбер шақшасын оққа толтырды да, қалған дара оқтарын жан қалтасына салып алды.
Сен анау Спрингфилдпен атсаң болады, оған сен қанықсың ғой, Маннлихерді машинаға, әйеліңе тастап кетейік. Қару көтерушің сенің үлкен мылтығыңды ала жүрер, менде мына қарғыс атқан зеңбірек бар ғой. Енді мен саған қалай атуды айтайын, - деді Вилсон.
Макомберді алаңдатып алмайын деп, ол бұны кейінге сақтаған еді.
Енекелер адамға қарай жүгірген кезде басын кекжейтіп, қақитып алады да, мүйіздерінің шор басқанын қорғайды, қалай атсаң да өлмейді. Бірден-бір тәсіл – тура тұмсығынан ату, тағы бір тәсіл – төстің басынан, егер қырын келсе, мойын мен жауырыннан ату керек. Бір оқ тигеннен кейін бұл қан жауғырларды өлтіру оңай емес, алдаймын деп ойлама, ыңғайы қалай келсе, солай ату керек. Ал қару көтерушілер осыған дейін сиырдың бас терісін сойып болған шығар, біз енді аттансақ қалай дейсің?
Вилсон қару көтерушілерді шақырып еді, олар қолдарын жүре сүртіп келе жатты. Әлгі қартаңдау артқы жақтарында нараулау басып келеді екен.
Мен Конголық сүмелекті ғана ертейін, біреуі осында қалып, құстарды үркітсін, - деді Вилсон.
Машина алаңқайдан баяу ғана жылжып өтіп, аралшық тәрізденген бүргенге қарай тартты. Саздықты бір құрғақ арна кесіп өтеді екен, арнаның екі жағалауына жасыл жиек іспетті ағаштар өсіпті. Макомбер жүрегінің атқалақтап, аузының кеберси бастағанын сезді. Бірақ, бұл рет қорқудан емес, тебіренуден еді.
— Оның кіріп кеткен жері осы, — деді Вилсон. Содан кейін ол суахили тілінде қару көтерушілерге: қан дағын іздеңдер, — деді.
Машина ағашты бойлап жүріп отырды. Макомбер, Вилсон және қару көтерушілер машинадан түсті. Макомбер бұрылып қарап еді, әйелі өзіне қадала қарап отыр екен. Ұзын мылтық қасында сүйеулі тұр. Ол әйеліне қол бұлғап еді, әйелі оған қолын бұлғаған жоқ.
Алдыңғы жақтың ағашы бітік екен. Жер қаңсып, кеуіп тұр. Қартамыс қару көтерушіні тер басып келеді. Телпегін милықтата киген Вилсонның қызыл күрең мойны Макомбердің көз алдында көлбең қағады. Тосыннан қару көтеруші суахили тілінде бірдемелерді айтты да, алдыңғы жаққа қарай жүгіре жөнелді.
— Енеке ана жаққа барып өлген екен, — деді Вилсон, — жұмыс бітті.
Ол бұрылып келіп, Макомбердің қолын алды. Бұлар қол алысып, күлісіп тұрған кезде, қару көтерушінің қатты шыңғырып, бүргеннен қырындай қашып шығып, құйынша жүйткіп, зытып келе жатқандығын көрді. Аузы жымқырылған, тұмсығын соза түскен, қазандай басын кекжитіп алып, қанын сорғалатқан бұқа бұларға қарай төніп келеді екен. Кішкентай қысық көздерін бұларға заһарлана тігіп келеді. Вилсон алдыңғы жақта еді, жалма-жан жүрелей қалып ата бастады. Макомбер де атқылады. Вилсон мылтығының күрсілдеген дауысын өзі де ести алмай қалды. Бұқаның шаңырақ мүйіздерінің қасан шорлары қайрақтай жапырақталып, ұшып түсіп жатқандығы көрінеді. Бұқа басын сілкіп қалғанда Макомбер ошақтай кеңсірікті көздеп атып қалды. Бұқа басын тағы да шайқап қалғанда, мүйіздің жаңқаланып ұшқандығын көрді. Енді ол Вилсонды көре алмай қалды да, қарауылға байлап тағы да атты. Бұқаның алып тұлғасы ағындаған беті оның қарсы алдына таяп та қалды. Алға қарай созған тұмсығы мылтықтың сүмбісімен деңгейлес, тұспа-тұс келді. Ол бұқаның қанталаған, сығырайған көздерін, басының салбырап бара жатқандығын көрді. Кенет, Макомбер көзді қарықтырған ақ жалынның өзінің миын жарып кеткендігін сезгендей болды. Бұл — оның ақтық түйсігі еді.
Жаңа ғана Вилсон жүрелеп отыра қалып, бұқаны жауырынан атқылаған болатын. Макомбер де тапжылмай отырып, бұқаны мұрнынан атқылады. Оқ атқан сайын шалқып, зілдей мүйіздерге тие берді де, бейне тасқа тигендей ыршып түсіп жатты. Бұқаның басы Макомберге таяп қалған кезде, машинада отырған қатыны ұңғысы 6,5 Маннлихермен күйеуін қарақұстан екі елі жоғары, сәл қиғаштау тұстан атып жіберді.
Міне, енді Френсис Макомбер бұқаның қырындай құлаған тұсынан екі ярдқа жетпейтін ғана жерде екпетінен түсіп, жер құшып жатыр. Әйелі жүрелеп отырып, оның үстіне жүгініп алыпты. Вилсон оның қасында тұр.
— Оны аудара көрме, — деді Вилсон.
Әйел есіріктене өкіріп жылап отыр.
— Машинаға бар, — деді Вилсон. — Мылтығың қайда?
Әйел басын шайқады. Бет-аузы қисайып кетіпті. Қару көтеруші мылтықты қолына алды.
— Ешбір затты қозғамаңдар, — деді Вилсон. — Абдолланы шақырыңдар, оған мына тосын жағдайды анықтап көрсетейік.
Ол жүресінен отырды да, қалтасынан қол орамалын алып, Френсис Макомбердің қысқа қиылған кірпі шашты басына жапты. Қан тобарсыған сайғырдан топыраққа құйылып, сіңіп жатыр.
Вилсон бойын тіктеп тұрды да, төрт аяғын көсіліп, жамбастап жатқан бұқаға қарады. Хайуанның жүні шалаң бауырында жабысқақ биттер өріп жүр екен. «Қарғыс атқыр ғаламат бұқа екен, елу сүйем бар шығар-ау, одан да артық, одан да артық болу керек», – деп ойлады ол. Вилсон шопырды шақырып, мәйітке жамылғы жапқызып, күзетке қойды да, өзі машинаға қарай кетті. Әйел машинаның бұрышында жылап отыр екен.
– Ол сенен ажырасып та кететін еді.
– Тарт тіліңді, – деді әйел.
– Әрине, кездейсоқ болған уақиға, – деді ол, – біліп отырмын.
– Айтпай-ақ қойшы, – деді әйел.
– Абыржыма, – деді ол, – қайғылы оқиғалар болып тұрады. Десе де, мен бір қанша сурет түсіріп алайын, тексерген кезде қажеті болады. Қару көтеруші мен шопыр да айғақ болады. Саған төніп тұрған қауіп жоқ.
– Айтпашы, – деді әйел.
– Қарғыс атқыр, бірқыдыру жұмыс істеуге тура келеді, – деді ол, – көл жағасына барып жеделхат жіберуге бір машина жіберейін. Үшеуімізді Найробиге жеткізетін ұшақ шақыртсын. Сен неге оған у бермедің, ағылшындарда жұрт солай істейді ғой.
– Доғаршы, доғаршы, доғаршы, – деп айғайлады әйел.
Вилсон оған жаймашуақ жасыл көздерімен қадала қарап қалыпты.
– Міне, енді мен айтарымды айтып болдым, – деді Вилсон, – мен шамалы ренжіп отырмын. Күйеуіңді жақсы көре бастап едім.
– Ей, садағаң кетейін, айтпай-ақ қойшы, – деді әйел, – садағаң кетейін, қойшы енді.
– Мына сөзің көңілге қонады, – деді Вилсон, – жалбарынған сөз құлаққа жағымды естіледі ғой, мен қойдым.

Аударған Армиябек САҒЫНДЫҚҰЛЫ