Сабыржан Ахан. Сол көктем қайрылмай кетті

Сол күні сенің көзіңнен тамған жаспенен, Он сегіз жасым қосыла тамып кетіпті-ау...

Mar 23, 2025 - 16:58
Apr 18, 2025 - 17:52
 82
Сабыржан Ахан. Сол көктем қайрылмай кетті

Сабыржан АХАН – ақын. 2004 жылы, Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауылында дүниеге келген.     
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің 4-курс студенті.         Шымкент қалалық «Шам» мәдени-әдеби ұйымының мүшесі. Бірқатар облыстық-республикалық жыр-мүшәйраларының жүлдегері.

ГҮЛ

Айтылмай менің бір сырым қалды,
Сен кеттің еркем, кенеттен.
Кеудемде кейін бүршігін жарды,
Сезімнің гүлі сен еккен.

Аңсатса сол бір кездер қадірлі,
Айтқым келеді, тап бәрін.
Айтылмай кеткен сөздер жанымды,
Күйдіріп келе жатқанын.

Жазмыш делік, жарайды бәрін,
Өлтіре қоймас, өліара.
Сезімдерімді қалай қыламын?
Гүл не болады, сола ма?

— Көрге кетеді өзіммен бірге!
Солдырман!, -  деймін, о, тағы.
Айтылмай кеткен сөзіммен бірге,
Көміліп бара жатады.

Үздігіп талай түндер мүлгіді,
Сырымды қалқа, ұға көр.
Қарада да тұрғын, күндердің күні,
Қабіріме өсіп шығады ол!

СӘРУАР
(Баллада)

“Нурикамал, Камалым-ай,
Күндей ашық жанарың-ай.
Қолым жетпей, сөзім де өтпей,
Жаутаңдадым, қабағыңа-ай, қарағым-ай…”

…Осы бір сазды санада қалған жатталып,
Ыңылдап келем айдынды сол бір бетке алып.
Қос аққу бірге жүретін еді сол көлде,
Екеуі жайлы білетін еді көп халық.

Іңкәр сезімнің бал шарабынан жүз ұрттап,
Жүзіп жүрді олар.
Жоқ!
Сірә, жүрді жүзіп бақ,
Екеуіне іштей тамсанып тұрдым жағада,
Сәмбі тал тұрды сыртымда бәрін қызықтап... 

Әй, енді қашан дәл мұндай жауһар шақ болар?!
Дәл осы бейне санамда мәңгі сақталар.
Жұптарын жазбай, сол сәтте көлдің бетіне,
Махаббат жайлы жыр жазып бара жатты олар…

Басымнан кейін қаншама жылдар өтті ауып,
Тағы да келдім айдынды сол бір бетке алып.
— Не көріп тұрмын?
— Не көріп тұрмын, құдай-ау?!
Шым етті жүрек, кеудемді кетті от қарып…

Атты ма десем, атпапты ешкім…
Кешегі,
Тәтті үні қайда?
Шаттығы қайда бес елі?!
Сыңары құрғыр сатқындық жасап, сырт беріп,
Ажалға қиып, тастап кетіпті деседі…

Өлмепті бірақ.
Дауыл мен боран, қарлы күн — 
Қасқайып тұрып қабыл алыпты барлығын.
Айдынын әлі қорып жүр екен.
Айдынға 
Жырын да әлі жазып жүр екен зарлығым.

Түсіндім бәрін,
Күрсіндім іштей, күйініп,
Айдыны мынау, түнеріп алған бұйығып.
Осы қорлықтың бәрін де көрген сәмбі тал,
Жылап тұр тыста одан да бетер иіліп…

Ех, содан бері жыл өтті қанша мың қилы,
Ол көлді бұл күн ұмытты бәрі.
Білмейді.
Айнасы болып ұлы сезім мен мінездің,
Сол аққу әлі айдынын қорып жүр дейді…

Есіңе түссе, бір өксік бойды кернейді-ақ…
Санада қалған көмескі бейне сөнбей қап,
Сатқындық көрген сол мұңлық еске түскенде,
Сол ескі сазды ыңылдап қоям мен бейбақ…

“Нурикамал, Камалым-ай,
Күндей ашық жанарың-ай.
Қолым жетпей, сөзім де өтпей,
Жаутаңдадым, қабағыңа-ай, қарағым-ай…”

***

Қасірет қайран, қасірет,
Жалынам келіп: «...жасы үдеп,
аз жылаған жоқ онсызда,
Енді оны жылатпашы»,- деп.

Кінәлі оған, әсте мен,
Күнәлі оған, әсте мен.
Жалынам әман құдайға,
Құдайың бірақ таскерең!...

Қанталап тұр-ау, кеш бүгін,
Кеудемді тырнап, ескі күн.
Өлеңдей сірә өмірде,
Күнәларымды кешті кім?…

Күндер-ай, өткен көбі ойран,
Салауат дедім, мен айнам.
Келместе қалған күндерді,
Енді еске алғаннан, не қайран? 

Аздан соң түрер түн түндік,
Қонбады басқа шіркін құт,
Сорлады білем, сор басым,
Болмады білем, бұл тірлік.

Мойынымдағы обалы,
Құлағымдағы сор әні
Жанымды талай тілгілеп,
Жауап беремін, мен әлі.

Жаутаңдап жаздың жанары,
Соғады күздің самалы.
Азғантай ғана жастығым,
Өксумен өтіп барады.

Шаттығым да жоқ татыған,
Күлем де қайта шатылам.
Сен куәсің ғой бәріне,
Жаратқан Жаппар, Рахман

Құлақ түрсе егер, құдайым,
Осыны ғана сұрайын:
Бар күнә менің өзімнен,
Тек өзім ғана жылайын!...

***

Қалаға биыл түседі-ау тағы ерте күз,
Ажарын мендей ұрлатты ерте, өлкеңіз.
Сол бейнең сенің көзімнен кетпей жүр әлі,
Жастығын ерте жоғалтып алған ерке қыз.

Әзиз жаныңды зәрезап қылып түрлі сын,
Қарсы алып үнсіз қайыра соққан жыл құсын.
Болашағыңды күл-талқан қылған сол күн мен
Он сегізіңді әлі де қарғап жүрмісің?…

Ол көктем енді қайырылмастың хабары.
Кәрі күз кеп тұр, қатуланып ап қабағы.
Алғаусыз сенің жас толы жәудір көзіңде,
Қайран да менің жастығым қалып барады…

Сөндіріп тынған жауһар шағымның шырағын,
Сағым күндерге жақындағым кеп бір адым
Сайранда қалқам, сол күні сені емес мен,
Он сегізімді құшақтап тұрып жыладым.

Бірге атқан таңдар, ғажайып сонау кез мәнді,
Оралмайды  енді, шырқайсың қалқам өзге әнді.
Бәрі де кетті, аяулы сәттер, сезімдер,
“Өкініш” - деген жалғыз-ақ ауыз сөз қалды…

Бұл бастан солай неше бір дәурен өтіпті-ау,
Жетіпті-ау күзім тыныш өмірді етіп дау.
Сол күні сенің көзіңнен тамған жаспенен,
Он сегіз жасым қосыла тамып кетіпті - ау…

Естелік біткен бермейді жанға рас тыным…
Содан да болар, бағзыдан еңсем пәс бүгін.
Қайыр қош енді, осымен қалқам, қош аман,
Қайран да менің қайрылмай кеткен жастығым!

…Қайран да менің қайрылмай кеткен жастығым!

КҮЗ

Жанымды жаншып, жаныштап,
Күз келе сала сары ала
Туған жерімнен алыстап,
Мен кеттім басқа қалаға. 

Сағынуменен күтумен
Өтуде күздің көп күні,
Жанымды мүжіп бітірген,
Келетін жанның жоқтығы. 

Ақиқат бізге бір өлім,
Ерте ме кеш пе келеді
Ауырады әлі жүрегім,
Тоқтаған жоқ ол себебі!

Сарылып сонша мен күткен,
Сол күздің таңы атпады.
Амалсыз іштей көндіккем,
Маған да оңай соқпады. 

Көктемнің анық келмегі,
Ал оған кім бар, шүбәлі?
Миықтан күліп ол мені,
Келеке қылып тұрады. 

Сеземін, бәрін сеземін, 
Жетелер тағы орға кіл,
Төзбегенде ше, төземін
Үйренген жау ғой, олда бір

Күз келсе күтіп көктемді,
Көктем келгенде күзді аңсап.
Сағынып жүріп өткенді
Өтіп кетерміз біз болсақ.

Күн өтті қанша түнерген,
Алдады қанша арманым.
Көктем келерін білем мен,
Құдай біледі қалғанын.

***

«Төрт жыл өтті, алды жөн арты сырдаң»
   Есенғали РАУШАНОВ

Бәрі басқа.
Бәрі де өткен енді.
Сол күндерден қалмады көп те белгі.
Сен кеткенде туылған қарындасым,
Көз алдымда күлімдеп, төртке келді.

Өтті жылдар сенде өстің мен ер жеттім,
Тек сен менен…
А, жоқ, мен сенен кеттім.
Тағдырымды басқаға тапсырарда
Өтер деппін,
Сеніппін…
Сөнер деппін…

Бәрі жалған боп шықты, расында,
(Күндер — айға, ай — жылға ұласуда.)
Мен басқаның жылытып жүрмін жанын
Жылытып қана жүрмін, ұғасың ба?!

Өлгенім жоқ, әйтеуір, басым аман,
Тек сол бір сағынышты, шашыраған
Жұртқа мейлі, білдірмен,
Ал, бірақ та,
Өз-өзімнен қалайша жасыра алам?

Өтті жылдар, ұқпады ешкім мұны,
Сол ескі әннің төрт қырдан естілді үні…
Ендігі жыл — мерей той, 
Келер көктем —
Ұлы сағынышымның бес жылдығы!…

ТҮС

Кеш. 
Іңір. 
Мұнда шуақ күнде өледі.
Жылымаған мен сынды мүлде реңі.
Менің жадау жанымның дүрбелеңі,
Аздан кейін киелі түн келеді.

Арылмай қойды бастан неге бұл күй?
Түн ішінде, түсіме сол өрімдей
Жанарынан жас емес, қан сорғалап,
Бара жатқан бір бейне енеді ылғи.

Сағындырып шақтары керім, әйбат,
Мына сайқал тірліктен жеріді-ай, нақ!
Талайлы тағдырына лағынет деп,
Соры қайнап барады ол, “Өмір-ай”- лап.

Түнге кіріп барамын, түнге кіріп,
Жарыместей бір жылап, бірде күліп.
Іңір түсе туылған, сезімдерді,
Жерлеп жатам, таң ата мүрде қылып.

Құлатпады қорғанын, күдік кімнің?
Десе де медет тілеп, үміт қылдым.
Жанымды күйдірерін біле тұра,
Дәргейіне басымды тігіп тұрмын.

Тәңірінің бұйрығы екі етілмей.
Бір азалы үн үзілііп жететіндей.
Көз ілуге қорқамын.
Сәл мызғысам,
Сайтан біткен оянып кететіндей.

Қу жаныңды шідерлеп, шерлі өлеңге,
Нең қалды деймін іштей, өлмегенде.
Пенде байқұс тағдырын таңдамайды,
Көнбегенде қайтесің, көнбегенде?…

Қапияда от басқан, сорға құлап,
Менің жаным бебеулеп болды аңырап.
Әнекей, қыр астынан күн көрінді, 
Батпайды ғой деймісің, ол да бірақ?…

МАУСЫМ

Көктем кетерде бұлт назданады,
Күрт жаз болады, соңы елес.
— Маусым келді, - деп, жұрт мәз болады,
Жұрт мәз болады, мен емес.

— Құдай-ау, неткен жансың қапалы?
Маусымда тағы күрсіндің.
Жаныңды бір мұң, жаншып жатады,
Жатқаны хақ қой, бір сырдың.

Өткен бір сонау аңсап күнімді,
Жылжыпты-ау, жылдар шетінен.
Мен сол бір жазда бар шаттығымды,
Сорға айырбастап кетіп ем…

Соны ойлай беріп таусылдым түбі
Өз қолым қазған, көрімді...
Шыжғырып жатты маусымның түні,
Бейкүнә сезімдерімді.

Ол менің сәруар жарығым еді…
Жалт етіп сөніп жоғалған.
Түсіме бірақ әлі кіреді,
Қансырап жатқан көп арман.

Бөлініп қалған жолы жырақта,
Еді бұл сондай түн ескі.
Кінәләй алман, оны бірақта,
Ол бақыты үшін күресті.
 
Сол күндер мені сағынады әлі,
Сағынсам-дағы менде оны
Жұрт құсап бірақ, жадырамады,
Қу жаным сол түннен бері.

Түбінде бізді тәңір алады,
Бәрі қалады, бәрі әлі.
Оған дейін де жадырағаны,
Жадырағаны шамалы.

Көз жасым қанша ыршыды налып,
Қырсығып алып бәрі де.
Ең соңғы мәрте күрсініп алып,
— Салауат, - дедім бәріне.

Қалды екен енді қанша әл-дәрменім,
(Десе де қанша айлам бар.)
Маусым келді ғой, ал, сендер менің,
Қасіретімді тойлаңдар!..

18

Түбіне жеткен қара түн…
Күрсінем, көрсем іздерін.
Ол кезде көктем болатын, 
Мен онда он сегізде едім.

Күндер ол — «жұмағымда» өткен,
Қалмаған шатаққа басы.
Алматы, 
Гүл
Ару-көктем,
КазГУ-дың жатақханасы.

Тигенде қала шамына,
Күлкісін талақ қылатын.
Сол бала болашағына,
Балконнан қарап тұратын.

Сол уайым түбі расымен,
Сор болды, әріге кеткен.
Көзімді жұмып ашып ем,
Жоқ болды, бәрі кенеттен.

Бөгде боп үлгерсем де анық,
Арда мұң қалмайтын еді.
Сол күнді бір көрсем барып,
Арманым болмайтын еді.

Қалды әттең ол күн жырақта,
Төгіліп көзімнен нала,
Мен бәрін жеңдім, бірақ та,
Жеңілдім өзімнен ғана!…

— Шаттығың қайғыңдай бопты,
дерсіз-ау, көрсеңіз мені.
Сол көктем қайрылмай кетті,
Ал сол қыз, он сегізде еді…

ӘТКЕНШЕК

Жел бұл күн:
 — Енді ол сендік емес, - дейді,
Олай болса жадымнан неге өшпейді?…
Көзімді жұма қалсам, сол қалқаның
Пәкиза, жәудір көзі елестейді.
Әткеншек көрсе болды ол елпелектеп
Бұрқан-талқан сүйрелеп, желкелеп кеп
— Тербетші, - деп қиылып тұрушы еді
Қылушы еді амалын еркем ептеп.

Сол — сол екен, күлкі ойнап келбетінде
Ең бақытты жан болар жер бетінде.
Жел екеуміз таласып қалатынбыз,
Ол мінген әткеншекті тербетуге.

Еркем солай “билейтін”, түрлі “биді”
Қолаң шашы желге ұшып үлбірейді
Қос аяғын алдыға созған қалпы,
Әрлі-берлі ауаны тілгілейді.

Ұғынбаппын, мен сол бір шақта нұрлы,
Шаттығымды тербетіп жатқанымды.
Жастығыңды тербетіп жатқанымды,
Жастығымды тербетіп жатқанымды…

Оралмайды енді оның бәрі кері,
Сол өкініш өртеп жүр, әлі мені…
Балалығы болмаған жәудір көзім,
Жастығын да жоғалтып алып еді.

Шоқ түскір, өзек қалай өртенбейді?…
Жел мазақтап  «қайда енді еркең» дейді.
Іргемді аулақ салғам сол әткеншектен.
Ендігі оны мен емес, жел тербейді.

Бірде былай құбылып, бірде былай,
Әткеншектей тербелген күндерім-ай!
Төгілер деп көз жасым ойлаппа едім,
Сөгілер деп ойлаппа ем, ірге бұлай?…

Ескі бақ.
Әрлі-берлі сенделіп құр,
Осқылайды арқамнан жел жонып бір.
Қос әткеншек, бірінде мен отырмын,
Бос әткеншек  жанымда тербеліп тұр…