Ақжан Аманжол. Сөзге қимаған сәттерді жазам

Менің тәнім жылдар бұрын өліп қалған жанымның бейіті ғана, Ал жаным ғасырлар үнін арқалап келген қосөркешті түйе секілді.

Mar 23, 2025 - 16:52
Apr 18, 2025 - 17:53
 27
Ақжан Аманжол. Сөзге қимаған сәттерді жазам

БАЛКОН

біз 
өлім жайлы ойланатын балконға шығып, 
өмір жайлы әңгімелесеміз. 
ал балконнан үйге кірген сәттен бастап 
өмір сүреміз – 
күлеміз, 
жылаймыз, 
ән айтамыз, 
тыңдаймыз, 
өлең оқимыз, 
фильм көреміз, 
шай ішіп отырып, 
қызық тақырыптарды сөз етеміз, 
кейде шай ішпей отырып та, 
кейде қызық емес тақырыптарды да; 
дауласамыз, 
тамақ ішеміз, 
тамақ жасаймыз, 
жақсы көреміз. 
біз көп боламыз, 
біз аз боламыз. 
сосын балконға қайта шығамыз. 
кейде бөлек шығамыз. 
кейде үнсізбіз. 
үнсіз телміреміз. 
тауға, 
көлге, 
сосын тартылған көлге қараймыз. 
мен биік ағашқа қараймын, 
кейде биік ағаш маған қарайды. 
ал басқа ағаштар маған қарамайтын секілді. 
айға қараймын. 
ай құбылмалы, 
ал ағаш әзірге орнында, 
үй секілді. 
біз үйден шыққанда да өмір сүреміз, 
үйге келгенде де. 
сонда біздің неше өміріміз бар? 
бірақ, біз ол жайлы ойланбаймыз. 
себебі біз үшін уақыт жоқ, 
бірақ, бізде уақыт көп секілді.

***

Мазамды алған шіркей ойларым 
санамның шекарасында бейбіт шеруге шықты. 
Олардың нендей наразылықтары барын, 
қандай арманның жалауын ұстағандарын білмеймін. 
Шіркей ойларым әуелде шіркей болмаған шығар дедім сосын. 
Бәлкім олар еркіндігі шектелмей тұрып, көбелек болған  
немесе 
мүлде менің санамнан тыс өмір сүрген шығар. 
Байғұс шіркей ойларым… 
Шерудің шыншыл саясатына сенетін ойларым, 
сендер білмейсіңдер… 

Менің тәнім жылдар бұрын өліп қалған жанымның бейіті ғана. 
Ал жаным ғасырлар үнін арқалап келген қосөркешті түйе секілді.
Керуеннен адасқан, 
шаршаған, 
тамағы кеуіп, 
жанары шырмалған…

Байғұс шіркей ойларым, 
Кешіріңдер… 
Сендер шеруге шыққан санамның шекарасы даламдай тарылған, 
суымдай тартылған…
Жылы құшағымды ұсынар ем, әттең, 
бөтен біреулер еніпті онда, 
Жылы сөзім де қалмапты, 
жұлма да жұлма…

Мазамды алған шіркей ойларым 
санамның шекарасында бейбіт шеруге шықты. 
Аман қайтса екен әйтеуір…

Арылу
қандай өмір сүруге кеңес бересіз? 
қандай ауа жұтуға кеңес бересіз? 
бейтаныс жолаушыға «сіз» деп айту қажет екенін 
ұмытуға қалай қарайсыз? 
ұмытайық. 

сәттеріңнің азайып бара жатқанын сезгеннен соң 
уақытың 
өзегіңе солған гүлдің тамырындай жармасқанда 
өкініштеріңнің топырағын күлмен былғағаныңды 
өзіңе кешіре алармысың? 

көзілдіріксіз әлемге қарай алмайтының, 
әуендеріңді біртіндеп жоғалта бастағаның, 
өзіңе оралу мен өзіңнен арылудың арасындағы баспалдақтарды 
өз еркіңмен салғаның 
кешірім сұрауды қажет ете ме? 

дегенмен, 
өзіңді кешіріммен байланыстыра алмағаныңды есіңе алған сайын 
өкініш толы чемоданыңды алып, 
кезекті сапарға шығып кететінсің. 

өзіңе ғана аян шындығыңды 
кездескен әр жолаушың өтірік аралас күйінде жұтатын. 
жолаушыларыңның көптігін 
сол шындығыңды бірге ішіп тауысқанда ғана байқайтын секілдісің. 
бірақ, өкінішсіз… 

шаршағаныңды ше? 
иә, шындығың да сенен шаршады. 
ендеше, 
ұмытуға қалай қарайсыз? 
ұмытайық.

***

13:31
ең ұлы суретшім, 

кездейсоқ табылған естеліктеріңе куә болған сайын 
өзім байқап үлгермеген бейсаналықпен 
көлеңкелерімізді де ұқсатқым келеді екен. 
барлық жолдар саған әкеледі. 

біз жүріп өткен жолдар мен 
біздің қалдырғымыз келген іздер 
жанарымызда, 
күлкімізде, 
сөзіміз бен 
киімдерімізде сақталған. 

оларды көру үшін 
туған күніңді 
жаңбыр, 
қар 
немесе тұманмен қарсы алудың қажеті жоқ. 

ал сені көру үшін 
альбомдағы, 
кенептегі, 
қабырғадағы 
суреттеріңе қараудың да қажеті жоқ. 

бәрі – айнамда. 
айнамда – өмір. 

өмірімнің әр сәтінде 
отыз бір жасыңмен тілдесемін сенің. 
көктемнің отыз бірінші күнінде келетін 
отыз бір жасыма дейін, 
отыз бір жасымнан кейін де. 

сол кезде дос болармыз, бәлкім… 
немесе дос болған шығармыз 
сенің 
қолыңа қылқалам ұстаған сәтіңнен бастап, 
ең ұлы суретшім, 
мама!

***

үлкен қалада кішкентай адам 
адаспағанда не істесін? 
үлкен тастарға жанаспағанда, 
жаншылмағанда не істесін? 
үлкен ғимарат көлеңкелерін 
жатсынбағанда не істесін? 
үлкен қалада кішкентай адам 
ұлыны іздемей не істесін? 
жылу іздемей не істесін? 
үлкен қалада жаңбыр жауғанда 
ұлу іздемей не істесін?

***

Бұл қала 
естелік қоймасына айналғалы бері 
тым тар бола бастады. 
Мендегі ойлардың шоғын үрлейтін 
көшелер демі 
өкпеме орнығып алғанын сезгем. 

Бүгін 
қайда бағыт алсам да, 
әлдеқашан жоғалған кешегі іздер 
соңымнан еріп жүреді – 
мына көшелер өткен күзіме куә, 
мына көшеге өткен көктемім аян. 

Білінбей өткен көктемнің гүлін 
сәттердің құмырасына, 
өзімді әлемге, 
сосын мына қалаға сыйдыра алмай, 
тұншыққанымда – 
кенеттен кішірейіп, 
әлдебір жақынымның төс қалтасында 
жүрегінің дүрсілін тыңдап жатсам ба деймін. 

Ауаны жүрек қана қажет етердей...

СЮРРЕАЛИСТТІҢ ТҮСІ

 «Андалузский пёс воет – кто-то умер!» 
 Испан мәтелі

уақыт бар 
толған айдың жанарында ойнаған 
кеңістік 
сенің 
оның түсіндегі құмырсқадай еместігіңді айтып күледі 
кеңістік жоқ 
демек 
ішіңдегі құмырсқалардан құтыл 
топырағыңды шірітті олар 
қолыңның дірілі содан 
қолыңнан құтыл 
әлдекімнің ойыншығына айналмас бұрын 
әлдекімді ойыншыққа айналдырмас бұрын 
88 пернетақта бетіне жайылған хайуанның қаны 
әуен боп соңыңнан қуады сенің 
уақыт жоқ 
сегіз жыл бұрын да болмаған 
сегіз жылдан соң да болмайды 
бәріміз де ұйқыдамыз 
түс көрудеміз әлі 
сосын 
теңіз жағасына жүгіреміз 
тәнімізге жұқпаған қанымызды жуу үшін.

***

қолымның дірілін жазам, 
күбірін жазам жолымның, 
жанымның жырығын жазам, 
күдігін, 
күлін көңілімнің, 
көзсіз сенімін жазам, 
сені де жазам, жарығым. 
иісің сіңген сезімді жазам, 
тынысың бөлген сөзіңді, 
сөзге қимаған сәттерді жазам, 
(үнсіздігімнен безіндім…) 
түтінді жазам өкпеге тұнған, 
білмеймін, бәлкім, тағдырға, 
өкпемді жазам 
күйреуік мұңға, 
мезгілсіз жауған жаңбырға…
бәрін де жазам, 
әлі де жазам, 
жарығым, сен тек оқыма. 
жай ғана сезін.

***

Сәттердің шырмауында жоғалдым, адастым, 
қаштым өзімнен, өзіңнен. 
Қасықтап жинап, алақанымда жылытқаным – 
үнсіздік саңылауынан төгілген сөзің бе? 

Қаймағын сүзіп ала алмадым ойларымның, 
сынапқа айналыпты олар. 
Менің ақиқат деп таңдағаным – 
қары еш күрелмеген жолдар. 

Жүрегімді қиянатымен қоса жұта алатын адам, 
әмиянымда жасырын сақтаған сурет 
көңіліме тәтті мұң боп жабысып қалған, 
бірақ 
саған еш қауіп төнбейді, жүрек. 

Мен жоғалудың бергі жағында тұрмын, 
ал сен арғы жағында жағалаудың. 
Дертің не дерсің… 
Үнсіздігің түнектей қара құрдым, 
жанасқаны қарғыстай жанарлардың. 

Жоқ әлі сенсіздіктен тапқан емім. 
Қажет пе осы 
өзгеден түңілмес үшін өзіме үңілгенім? 
Ей, менің мұңлы өлеңім, 
Сезім вокзалында шығарып салғым келмеп еді Сені…

***

солған гүлдің соңғы демін аялап, 
өзегімде өсіремін тағы мұң. 
бұл екеуміз қол ұстасқан саябақ, 
сен және мен ортасында сағымның. 

бұл екеуміз жаяу кезген көшелер, 
жауған қарға ғажайыптай тамсанып. 
әлі есімде ұйқы ұрлаған қара түн, 
көкірегіне сезім сіңген таңсәрі. 

көк аспанның жанарында жас тұнып, 
күңіренсе, сені ойлаймын жасырын. 
сезімімнің бақшасынан қашты үміт, 
сәттерімді қалдыра гөр, асылым. 

әр түн сайын шақырымдар жастанып, 
біздің сүю – аңсау, күту риясыз. 
сөзбен өрген сенімдерді еселеп, 
болсаң деп ем тағдырымның куәсі. 

бізге куә – құшақ жетпес шаһарлар, 
құшақтарды жаза алмау – біздің дерт. 
есіміңді жүрегіме жасырам, 
сағыныштың бесігінде әлдилеп. 

бір қалада ғашық болып кездесіп, 
бір қалада махаббатпен қоштастық. 
біз екеуміз – ескі мұңбыз көмілген, 
тағдырымен табыспаған қос ғашық.

МҰНАР

арамызда – сөзге сыймас нәзіктік, 
кездесулер – үміттердің жұрнағы. 
саған ойша сансыз хаттар жазыппын, 
сен ойымды оқи алсаң болғаны. 

арамызда – секундқа тең минуттар, 
ал сен жоқта теңеседі жылдармен. 
мен ішімнен шыққан сайын жорыққа, 
өзің ғана бұзылмайтын қорған ең. 

арамызда – атауы жоқ сезімдер, 
оқырманы табылмады өлеңнің. 
арамызда айтылмаған сөз өлген, 
тірілтуге тырыспаймын оны енді… 

арамызда – жауабы жоқ сұрақтар, 
бастауы жоқ бұлақтар, 
арамызда – белгісіздік қамалы 
уақыт қана құлатқан. 
арамызда болғаны мен болары – 
бұл қыркүйек, сол ақпан. 

арамызда – көзқарастар ойыны, 
мына әлемнен кетердеймін жойылып, 
жанарыңның жалынына байлансам – 
құдды үнсіз қойылым. 

арамызда – сейілмейтін көк мұнар, 
өз сезімім түбі өзімді жоқ қылар. 
арамызда – аспан көңіл, ой құдық, 
мені өзіңнен өзің ғана, 
кел, 
құтқар.

Ақынмен сұқбат: Ақжан Аманжол: «Алматы – ұйқыдағы қала»