Ақжан Аманжол: «Алматы – ұйқыдағы қала»

Әдебиетті алғаш жолым деп тапқан, таңдаған шақта қандай да бір, бәлкім, идеалистік көзқарастарымның болғаны рас...

Mar 23, 2025 - 16:45
Apr 18, 2025 - 17:55
 45
Ақжан Аманжол: «Алматы – ұйқыдағы қала»

Ақжан АМАНЖОЛ – ақын, драматург. 2001 жылы 31-наурызда Алматы қаласында дүниеге келген. Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының өнертану магистранты.
Біз «Үлкен қалада ұлы мен ұлу іздеп жүріп адасқан» Ақжанмен «сана ішінде шеруге шығатын шіркей ойлары», әдеби ортаға көзқарасы, қазақ әдебиеті мен драматургиясының классигі Дулат Исабеков жайлы сөйлескен едік. Сөз соңында өзгелер постмодернистік мәдениет жайлы талқылап жүрсе, біз Ақжаннан қазіргі Алматыны «сюрреалистің көрген түсіндей» етіп суреттеп берші деп сұрадық. Ал Ақжан «Мен білетін Алматы – ұйықтамайтын адамдар мен ұйқыдағы армандар қаласы» дейді.

– Ақжан, жалпы көңіл-күйің қалай? Алматыда адаспай жүрсің бе?
– Бәрі орнында. Өз Алматым ғой, мұнда күн сайын өзімді тауып келемін.

– Гюго: «Поэзия не в форме мыслей, а в самих мыслях», – дейді. Ал сені «шіркей ойларың» мазалап жүрген жоқ па?
– Ойлардың мазалағаны қашанда жақсы секілді. Мен үшін сол «шіркей ойлардың» өзі – өлең.

– «Әдебиетті әдеби ортамен шатастырыппын. Жалған сенімдер мен сентименттердің дәмі неткен ащы еді. Келдім. Көрдім. Кеттім»,– деп жазыпсың парақшаңда. Бұл өкпелегенің бе? Әлде есейгендігің бе?
– Бұл сөздер – әдебиетке және әдеби ортаға қатысты ішкі рефлексиям. Мен үшін әдебиет – шынайылық пен тазалықты талап ететін кеңістік. Ол адамның өз сезімдері мен тәжірибесіне терең үңілуіне мүмкіндік беруі тиіс. Иә, түптеп келгенде бәріміз де өзіміз үшін жазамыз. Өзіміздегіні, өзіміздікін жазамыз. Сол арқылы біреуге әсер етесің бе – ол басқа әңгіме. Дегенмен әдебиетті алғаш жолым деп тапқан, таңдаған шақта қандай да бір, бәлкім, идеалистік көзқарастарымның болғаны рас. Бұл көзқарастар жолымда кездескен «әдебиетті жасаушылардың» образына, менің ойымдағы биік болмысына негізделді. Сол шақты артта қалдырдым. 
Әдеби ортада кездесетін жалған ұстанымдар, бос бөлінушілік пен мәнсіз басқосулар – мен ойлаған рухани биіктіктен тым алыс. Ал ақын–жазушы әйелдерге қатысты сексизм мен харассмент жайлы білетіндер көп, айтатындар аз. Бұған жол беретіндерді – әдеби орта деп емес, мінез жағынан да, мораль тұрғысынан да әлсіз адамдардың шеңбері деп атаған дұрыс сияқты. Мұндай ортаның нағыз әдебиетті қалыптастыра алмайтынын ұқтым. Алшақ болу әрі ашық айту – таңдауым. Сөзімнің мәні осы еді.

– Жақында «Айна» деген пьесаңды оқыдым. Поэтикалық қуаты басым, жұп–жұмыр жазылған екен. Бұл – сенің драматургияға басқан алғашқы адымдарыңның бірі болса керек. Жалпы, поэзия мен структуралы драмалық шығарма бір–біріне ықпал ете ме?
– Рақмет. Шынында да, бұл пьесама поэзиямның айтарлықтай ықпалы бар, себебі мен өзімді ең алдымен ақын, ал одан кейін драматург деп білемін. Өлең – ол менің өзім, онда мен еркінмін. Ал драматургияда оқиғаның құрылымы мен логикасына, кейіпкерлердің әрекеттеріне басымдық бересің. Дегенмен мен үшін поэзия мен драматургия бірін-бірі толықтырады. Екеуінің арасында байланыс бар деп санаймын: поэтикалық тіл пьесаның эмоционалды әсерін, тереңдігін күшейтсе, драмалық құрылым шығарманың ішкі логикасын сақтауға көмектеседі.

– Биылғы жыл біраз классиктерімізден айырылып, көңіліміз алай-дүлей болып кетті ғой. Соның бірі жазушы, драматург марқұм Дулат Исабеков. Өнер академиясында ол кісіден біраз дәріс алғаныңды білеміз. Ұстаздан айырылып көңілің жабырқап, жетімсіреп жүргенің де байқалады. Дулат ағаныңайтқан әңгімесі, еткен ықпалы, қалдырған әсері жайлы бөлісе отырсаң.
– Дулат ағамен алғаш рет 2018 жылдың қаңтарында мектеп қабырғасында оқып жүріп жүздестім. Кейін аға өлеңдерімді оқып, пікір жазды, батасын берді. Бір жылдан соң ағаның Жүргенов өнер академиясында драматургия курсына студенттерді қабылдап жатқанын біліп, шығармашылық емтихан тапсырдым. Содан бері аға тек рухани ұстазым ғана емес, оқудағы мастерім де болды. Шығармаларын мектеп кезден оқып жүрген жазушының алдында студент болып отыру бәріміз үшін де ғажайып секілді еді. Ал «Дулат Исабековтың шәкірті» деген сөзге лайықты болу – әлі күнге дейін үлкен жауапкершілік. Бірінші курста, оқудың алғашқы күнінде Дулат ағаның айтқаны есімде: «Мектепті жаңа ғана бітірген балалардан қандай драматург шығады? Олардың өмірлік тәжірибесі, багажы жоқ. Олар не жаза алады?». Мектепті енді бітіріп келіп отырған біз үшін ағаның бұл сөзі түсініксіз еді, тіпті қорқынышты естілген де шығар. Расында біз ағаның көз алдында есейдік. Жазуымыз да солай. 
Дулат аға 4 жыл бойы бізге ұстаздық тәлім-тәрбиесін берді, ағалық ақылымен, өмірлік тәжірибесінен түйгендерімен бөлісті және аталық мейірімін төкті. Әр сабаққа тәттісін қоса алып жүретін. Бәрімізге бір–бірден таратып беретін де, лекциясын бастайтын. Тақырыпқа қатысты теориядан бастап, өз өмірінің естеліктеріне дейін айтатын. Ағаның аузынан өзінің қатарлас, құрдас, замандас ақын-жазушылары жайында көп естелік, қызықты, әсерлі оқиғалар естідік. Оның сөздерінен кейін қоғамға пайдалы, терең, елеулі дүние жасағың, жазғың келетін. Дулат аға бізге әрдайым «Заманауи кейіпкер жасау керек» дейтін. «Мен түсінбейтін нәрсе жазып әкеліңдерші» деп айтатын. Онысын мен жастарға жақын болуға, жастарды түсінуге ұмтылысы деп қабылдайтынмын.
Дулат ағаға қатысты жылы, бәлкім, өзгеге елеусіз болып көрінер естеліктер көп. Қазір қолымнан келетіні тек сол естеліктерге бойлау ғана секілді. Басында оған да батпадым. Хабар келгенде бірден сене алмадық. Кейде әлі де сенгім келмейтін секілді. Дулат аға қазақ әдебиетінің, қазақ драматургиясының классигі ғана емес, біздің арқасүйеріміз, бәріміздің қамқор ағамыз еді. Оны тек сағынышпен еске аламыз. Ұстазымыздың жатқан жері жайлы болсын...

– Сөз соңында қазіргі Алматыны сюррелистің көрген түсіндей суреттеп берсең болады...
– Мен білетін Алматы – ұйқыдағы қала, 
көшелерге сіңген таңғы тыныштық, 
түннің беймаза шамдары, 
уақыттың көлеңкесіндегі ескі ғимараттар, 
шексіз өмір ағысындай зулаған көліктер,  
бейтаныс адамдардың беймарал адымдары. 
Ол – уақыттың өзгерген түсі, 
Қисық-қисық көшелердегі әлдебір сәттердің жасырын демі, 
тау мен қаланың арасындағы үнсіз әңгіме. 
Мен білетін Алматы – ұйықтамайтын адамдар мен ұйқыдағы армандар қаласы.

Әңгімелескен Сезім МЕРГЕНБАЙ

Ақынның өлеңдері: Ақжан Аманжол. Сөзге қимаған сәттерді жазам