Букер сыйлығына үміткерлердің тізімі шықты

Букер – Нобельді алу жолындағы баспалдақ деп жатады...

Mar 21, 2025 - 16:35
Apr 18, 2025 - 17:56
 25
Букер сыйлығына үміткерлердің тізімі шықты

Әлемде әдебиет саласына байланысты берілетін сыйлықтардың түр-түрі бар. Олардың бағыты, қойылар талабы, бағалау талғамы әртүрлі болғанымен, басты мақсаты әдеби кеңістіктегі жаңа авторлар мен ерекше кітаптарды таныту. Кейде сол сыйлықтар жаңа автордың ғана емес, тұтас бір мемлекеттің, ұлттың әдебиетінің даму процесіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
Әдеби сыйлық дегенде көптің ойына бірінші «Нобель» келеді. Көп қаламгерлердің Нобель иегері болуды армандайтыны да жасырын емес. Алайда, әлемдік әдеби туындыларды бәйгеге қосып, бағын сынатуға болатын басқа да премиялар жеткілікті. Мәселен, Хьюго, Нойшдайт, Пулитцер, Гонкур, Дублин, Сервантес, Небьюла, Андерсен, Линдгрен, Герберт,  Orange деп тізе беруге болады. Алайда, Нобель сияқты Халықаралық әдеби сыйлықтардың көбі ағылшын тіліндегі туындыларға беріледі. Ал біз бүгін сол «Нобель» сыйлығына біртабан жақындата түседі дейтін Халықаралық «Букер» сыйлығы туралы сөз қозғамақпыз. 
Иә, әдебиет саласындағы беделді сыйлықтардың бірі – Букер сыйлығы. Аталған сыйлық алғаш рет 1969 жылы «Бұл үшін жауап беру керек» романы үшін британдық жазушы Перси Ховард Ньюбиге табысталған. Жарты ғасырдан көп тарихы бар марапат осы жылдардың ішінде әлемдегі маңызды сыйлықтардың біріне айналды. Басында бұл сыйлық Ұлттар достастығы елдерінің, яғни, Ұлыбритания, Ирландия мен Зимбабве жазушыларының ағылшын тілінде жазылған романдарына берілетін. Алғашқы жылдары лауреаттардың сыйақысын (2002 жылға дейін 5000-нан 20 мың фунт стерлингке дейін) «Booker» компаниясының өзі қаржыландыратын. 2002 жылы аталған премияға «Man Group» компаниясы демеушілік етіп, сыйақы бағасы 20-мыңнан 50 мың фунт стерлингке көтерілді. Ал, 2014 жылдан бастап «Букер» сыйлығы Халықаралық деңгейге көтеріліп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі ағылшын тілінде жазылған шығармаларға берілетін болды. 2016 жылдан бастап өз тілінде жазылып, ағылшыншаға аударылған шығармалар да қатыса бастады. Бірақ басқа тілден тәржімаланған болса, аудармашы сыйақының жартысын алуға құқылы.
Айта кетейік, Букер сыйлығының идея авторы, негізгі инциатры «Booker» компаниясының басшылары британдық меценат, кәсіпкерлер Майкл Харрис Кейн мен Джок Кэмпбелл болатын. Олар 1835 жылы ағайынды Букерлер құрған «Booker» компаниясын ұзақ уақыт басқарады. Кэмпбелдің Букер әдеби агенттігін құру туралы идеясы – Агата Кристи, Ян Флеминг, Гарольд Пинтер сияқты оқылымы көп көптеген атақты ағылшын жазушыларының кітабын шығара бастады. Сол кітаптардан түскен табыстың мол болғаны сондай, Кэмпбел оның бір бөлігін заманауи әдебиетті дамытуға жұмсау керек екен деп ойлайды. Міне, осылайша Ұлыбританияда әйгілі «Букер» премиясы пайда болды.
Осы уақытқа дейін Букерді алған Ұлттар достастығындағы аталған 3 мемлекеттен бөлек, Аустралия, Оңтүстік Африка, Жаңа Зеландия, Нигерия, Канада, Шри-Ланка, Ирландия, Ямайка елдері бар екен.
2024 жылы екі беделді Халықаралық әдеби сыйлықтың жеңімпазы – әйел жазушылар болды.  Оның біреуі естеріңізде болса, былтыр алғаш рет оңтүстіккореялық жазушы Хан Гаң «Ет жемейтін әйел» романымен Нобель иегері атанған еді.
Ал, былтырғы «Букердің» жеңімпазы – ағылшын жазушысы Саманта Харвидің ғарыш туралы жазылған 136 беттік «Орбита» романы болды. Жазу барысында Халықаралық ғарыш станциясының (МКС) тікелей эфирлерін көріп жүрген екен. Халықаралық ғарыш станциясындағы алты астронавтың бір күндік өмірін баяндайтын роман 2023 жылы Ұлыбританиядағы Jonathan Cape және АҚШ-тағы Grove Atlantic баспаларында басылған. Дегенмен, автордың өзі аталған туындыны 2010 жылдары жазып бастағанын айтады. 5000-дай сөз жазған соң ғарыш кеңістігі жайлы жазуға білімі жетпейтінін сезіп, жұмысын тоқтатқан. Харви бұл туралы BBC арнасына берген сұқбатында былай дейді: «Мен ешқашан ғарышта болған емеспін. Ешқашан ғарышқа ұша алмаймын.  Ол туралы жазатындай мен кіммін?». 
Міне, осылай бетін жылы жауып тастаған романды Харви араға 10 жыл салып, 2020 жылы Ұлыбританияда коронавирус пандемиясы өршіп тұрған кезде аяқтайды. 
Харви тағы бір сұқбатында бұл романды жазудағы мақсат ғылыми фантастика құрастыру емес, ғарыштың шынайы сұлулығын паш ететін «космостық пастораль» құру болған екен.
Қазылар алқасының төрағасы, суретші Эдмунд де Ваал Харвидің шығармасы жерді «терең резонанс тудыратын мағынаны қажет ететін дүниеге» айналдырғанын айтады.
Харви 2009 жылы «Букер» сыйлығына «Шөл дала» дейін алғашқы романын да ұсынған екен. Ал былтыр жеңіске жеткен «Орбита» романы – ғарышта орын алған оқиғалардың алғашқысы болды.
Қазылар құрамындағы жазушы Сара Коллинз «Орбитаның» бізге бүгін ғана емес, ертең де керек кітап болатынын айтады. 
«Орбита» – сондай шағын кітап, бірақ онда бүкіл өмір жатқан сияқты. Сондай жақын. Өзімдегі кітапта кей жолдарды белгілеп отырдым (бұл менің кітапқа қалай ынты-шынтыммен кіріп оқығанымды көрсетеді). Бірде жазып едім: «Бұл кітап – бізге осында және қазір қажет. Бәлкім ол бізге әрқашан керек болады», - дейді Коллинз.
Букер – Нобельді алу жолындағы баспалдақ деп жатады. Жоғарыда айтып өткен оңтүстіккореялық Хан Гаң да 2016 жылы Букер сыйлығын алған екен. Ал британдық жазушы Саманта Харвидің де осы жолмен жүретін, жүрмейтінін уақыт көрсетеді.
Букерден үмітті авторлардан жыл сайын көптеген туынды келіп түседі екен. Сол ұзын-сонар тізімдегі туындылардан, арнайы таңдалған қазылар алқасы 12-13 шығарманы іріктеп тізімін жариялайды. Кейінірек бұл тізімнен де 6 үміткерді іріктеп, соңында жеңімпаз анықталады.
Букер сыйлығын алуға ықылас танытып жүрген қазақ қаламгерлері де жоқ емес. Алайда ағылшын тілінде жаза алатын қазақ жазушыларының аздығы, қазақша шығарманы ағылшыншаға аударудағы қиындықтар сынды мәселелер жол байлап жүрді. Бірақ солай екен деп қаламгерлер қол қусырып жатқан жоқ. Мәселен, 2019 жылы «Hertfordshire Press» британдық баспа үйі Сәуле Досжанның «The tragedy of a bastard» (Көрдемшінің қасіреті) және «My own strange heart» (Өгей жүрек) атты үздік новеллалары енген проза жинағын, 2023 жылы Лондондағы «Tilted Axis Press» баспасы Бақытгүл Сәрмекованың «To hell with poets» (Ақындары құрысын) кітабын халықаралық «Букер» сыйлығына ұсынған болатын. Ал былтыр Hertfordshire Press баспасы Әлихан Жақсылықтың «Is it necessary to worship at notre dame?» (Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?) романын биылғы Букер үміткерлерінің тізіміне ұсынған екен. Алайда биылғы алғашқы шорт-парақтан аталған роман көзге түспеді. 
2025 жылғы Букерден үміткер кітаптардың алғашқы тізімі жарияланып үлгерді. Бұл жолы байқаудан 154 жұмыс келіп түссе, соның ішінен 13 кітап іріктеліп алынған. Бірақ биыл Халықаралық Букер тізіміне ілінген авторлардың көбі көп «көп сөзді сүймейтін» жаңа есімдер екен. Әдеби порталдардың бірі тізімге ілінген 13 кітапты тоғызы 250 беттен аспайтынын жазды.
«Букер» туралы сөзді сол тізіммен аяқтай қояйын: 1.«The Book of Disappearance» (Жоғалған кітап) - Ибтисам Азем. Араб тілінен аударған Синан Антун. 2.«On the Calculation of Volume I» (Көлемді есептеу. 1-том) – Сольвей Бале. Дат тілінен аударған Барбара Дж. Хавеланд. 3.«There’s a Monster Behind the Door» (Есіктің сыртында құбыжық) – Гаэль Белем. Француз тілінен аударған Карен Флитвуд пен Лаэтиция Сен-Лубер. 4.«Solenoid» (Соленоид) – Мирча Кэртэреску. Румын тілінен аударған Шон Коттер. 5.«Reservoir Bitches» (Резерв қаншықтары) – Далия де ла Серда. Испан тілінен аударған Хизер Клири мен Джулия Санчес. 6.«Small Boat» (Шағын қайық) – Винсент Делакруа. Француз тілінен аударған Хелен Стивенсон. 7.«Hunchback» (Бүкір) – Саоу Ичикава. Жапон тілінен аударған Полли Бартон). 8. «Under the Eye of the Big Bird» (Үлкен құстың көз алдында) – Хироми Каваками. Жапон тілінен аударған Аса Йонеда. 9.«Eurotrash» (Еуротрэш) – Кристиан Крахт. Неміс тілінен аударған Дэниел Боулз. 10.«Perfection» (Мінсіз) – Винченцо Латронико. Итальян тілінен аударған Софи Хьюз. 11.«Heart Lamp» (Жүрек шамы) – Бану Муштак. Каннада тілінен аударған Дипа Бхасти. 12.«On a Woman’s Madness» (Әйел ессіздігі жайлы) – Астрид Рёмер. Голланд тілінен аударған Люси Скотт. 13.«A Leopard-Skin Hat» (Леопард шляпасы) – Анн Серр. Француз тілінен аударған Марк Хатчинсон.

Сезім МЕРГЕНБАЙ