Алдыңғы толқын – ағалар...
Құдды сыр жасырмас құрдасыңдай, сыншыл дос, жанашыр жақыныңдай іші-бауырыңды түгел тінтіп, әртүрлі ойға жетелей жөнелетін туындылар авторының ендігі екінші мәңгілік өмірі басталды...

«Алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер. Кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер», - дейді ғой Абай.
Биылғы жылы қазақ әдебиетінің бірқатар классиктері, алдыңғы толқын ағалар мәңгілік дүниесіне аттанып, тұтас бір дәуір көшіп, көңіліміз пәс тартып қалғаны бар. «Қош, қос Абыз» деп марқұм Мекемтас Мырзахметұлы мен Мұхтар Мағауинді қимас сапарына шығарып салғанымыз кеше ғана сияқты. Көп ұзамай сол ұлылардың көшіне қазақ әдебиеті мен драматургиясының классигі Дулат Исабеков те ілесіп кетті.
Құдды сыр жасырмас құрдасыңдай, сыншыл дос, жанашыр жақыныңдай іші-бауырыңды түгел тінтіп, әртүрлі ойға жетелей жөнелетін туындылар авторының ендігі екінші мәңгілік өмірі басталды. Ол шығармашылық өмірі болмақ. Ал, біз журналымыздың кезекті нөмірінде заңғар жазушының «Қара шаңырақ» дейтін әңгімесін басып отырмыз.
Айта кетейік, Дулат Исабековтің алғашқы әңгімесі «Жолда» «Замандастар» атты жинақта 1963 жылы жарияланды. Кейін «Бекет» (1966 жылы), «Ащы бал» (1969 жылы), «Мазасыз күндер», (1970 жылы), «Қара шаңырақ» (1973 жылы), «Тіршілік» (1975 жылы) повестер мен әңгімелер жинақтары, «Қарғын» (1980 жылы) романы басылды. Таңдамалы повестері «Екі жиырма» (1983 жылы) деген атпен жарық көрді.
Бірқатар шығармалары орыс тілінде аударылып, «Полынь» (1978 жылы), «Отчий дом» (1979 жылы), «Смятение» (1986 жылы), «Новоселье в старом доме» (1986 жылы) деген атпен басылды. Жекелеген туындылары венгр, неміс, поляк, чех тілдерінде жарияланды. «Ректордың қабылдау күндері» (1975 жылы), «Әпке» (1977 жылы), «Ертеңді күту» (1979 жылы), «Мұрагерлер» (1982 жылы), «Алыстан келген ананас» (1984 жылы), «Кішкентай ауыл» (1986 жылы), «Анасын аңсаған қыз», «Ескерткіш операциясы», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Бонапарттың үйленуі», «Мұңлық-Зарлық», «Амал мен айла» секілді пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылды.
2021 жылдан бастап Түркістанда ашылған драма театрда драматургтің қаламынан туған «Бөрте» қойылымы сахналанып келеді. Жекелеген туындылары бойынша «Гауһартас» (1975 жылы), «Дермене» (1986 жылы), «Тауқымет» көркем фильмдері түсірілді.